Мемлекет басшысы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына барды

 

Ем алып жатқан бүлдіршіндердің жағдайын сұрап, тез сауығып шығуына тілектестік білдірді. Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, сыйлық үлестірді. 

Ұлттық ғылыми орталықтағы балалар бөлімшесінде 351 бүлдіршін ем алып жатыр. Биыл бұл жерде 18 мыңға жуық бала емделген. 

Ем алып жатқан балалар оқудан қол үзіп қалмауы үшін орталықта «Ақылды сынып» ұйымдастырылған. Мектеп бағдарламасына сәйкес математика, тарих және басқа да пәндер оқытылады. Қасым-Жомарт Тоқаев сол Смарт сыныптың жұмысымен танысты. 

Сыныпта музыканың және ертегілердің көмегімен терапия сабағы мен шығармашылық ойындар өтеді. Шахмат үйірмесі және бар. «Ақылды сыныптың» жұмысымен танысқан соң Президент ем алып жатқан балалармен кездесті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев балалар жылының аясында білім, денсаулық сақтау, спорт және басқа да салаларда жеткіншектерге айрықша көңіл бөлінгенін айтты. Балғындармен ашық әңгіме өрбіді. Президент те еркін, балалар да еркін. 

Кейінгі 3 жылда Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына 30-дан астам жаңа медицина технологиясы енгізіліп, мамандары шетелдерде біліктілігін жетілдірген. Президент ана мен баланы қолдау жалғаса береді деді. Себебі, мемлекеттің басты байлығы адам және оның денсаулығы! 

Қорған Қонысбайұлы