Мемлекет басшысы Ресей және Қытай елшілерін қабылдады

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей және Қытай мемлекетінің елшілерін қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдымен Алексей Бородавкинмен әңгімелесу барысында Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапары мен күзде Қостанайда өтетін XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының маңыздылығы сөз болды. Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестіктің қазіргі жай-күйі де талқыланды.

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен кездесуде мамырда өтетін «Орталық Азия + Қытай» саммиті мен Президенттің Қытайға жоспарланған мемлекеттік сапарының өзектілігі айтылды. Сондай-ақ екіжақты қатынасты одан әрі нығайту, экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселесі көтерілді. Мемлекет басшысы Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Украинаға қатысты жағдайды саяси тұрғыда реттеу жөніндегі бітімгершілік әрекетіне жоғары баға берді.