Президент әкімге Астананың жағдайын жақсартуға бір жыл уақыт берді

Астана тұрғындарының саны бір жарым миллионға дейін көбейеді.

Одан да асып кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде қыста жылу, жазда судан тарығатын жұрт ол кезде қайтпек?! 

Қаланың бас жоспарында бұл жағдайлар ескерілмеген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін елорданы дамыту жөнінде кеңес өткізді. Президент әркім билеген жылу мен суға жауапты және басқа да мекемелердің салғырт ісін сынға алды.

Кеңесте Мемлекет басшысы 5 мәселеге тоқталды. Әуелгісі – бас шаһарды жылумен қамтамасыз ету. Жасырып, жабатыны жоқ, өткен қыста Астанада жылу тапшы болды. Себебі, басқару дұрыс емес. Мәселен, қаладағы жылу электр орталығын - заңгер, электр жүйесіне жауапты мекемені - бағалаушы, жылу транзитін - агроном, су арнасын зоотехник басқарып жүр. 

Жылусыз күнің жоқ 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Әркім өзі жетік білетін іспен айналысуы керек. Қала басшылығының таяз ойлауы және әрекетсіздігі салдарынан жаңа жылу көздерін, су құбырын, кәріз суын тазарту нысандарын «төтенше» режимде салуға мәжбүр болып отырмыз. Соның өзінде энергетикалық нысандарды іске қосу мерзімі созылуы мүмкін. Бұған дейін мен жыл соңына дейін «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» деп аталатын екі газ жылу станциясын және үшінші жылу электр орталығының бірінші кезеңін іске қосуды тапсырдым. Бірақ, бұл нысандардағы жұмыстың қарқыны көңіл көншітпейді. Айтарым, жаңа жылу көздері ешбір сылтаусыз биыл іске қосылуы керек.

Іске қосылған күннің өзінде бұл жылу көздері тапшылықты екі жыл ғана жаба алады. Сондықтан ЖЭО-ның екінші кезеңі мен үшінші газ қазандығын салу бойынша жақын арада нақты шешімге келу керек. Мемлекет басшысы бір айда тиісті ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Біздің міндет – Астананы кем дегенде он жыл бойы жылумен тұрақты қамтамасыз ету деді. 

Су тапшылығына кінәлі адамдар жазаланады

- Қыста жылу жетпесе, жаздың басында жұрт судан тарықты. Президент "қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар жұмысын адал атқармаған" деді. Салдарынан тіршілік нәрі тапшы болып, күрделі ахуал қалыптасты. Кінәлі адамдар енді жазаланады. 

Елордаға Сәтбаев каналынан құбыр тартылады 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қазір елорда Астана су қоймасына толық тәуелді болып отыр. Су алатын басқа жер жоқ. Бұл өте қауіпті. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан су қоймасының қуаты алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық. Бұған қоса, су қоймасы лайланып, ластанып жатыр. Мұны құзырлы министрлік білуге тиіс. Қойманың түбін тазалап, оны тереңдету керек. Астана су қоймасының бөгетін толық тексеріп, нығайту қажет. Оған Сәтбаев каналынан судың тұрақты келіп тұруын қамтамасыз еткен жөн. Осы шараларды дереу қолға алу керек. Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ. 

Зульфия Сүлейменова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

Құрылысқа бақылау күшейеді

Үкімет әкімдікпен бірлесіп, келесі жылдан бастап Сәтбаев каналынан қалаға дейін құбыр тартуды бастайды. Әрі сумен қамтамасыз етудің баламалы жолын қарастырады. Үшінші мәселе - Тұрғын үй құрылысын ретке келтіру. Бүгінде Астанада 10 миллион шаршы метрге жуық үй салынып жатыр. Құрылыс қарқыны жоғары, бірақ сапа жоқ. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Қ. Тоқаев: Ескі үйлерді сүріп, жаңасын салу керек

Елорданың тұрғын үй қоры ескіріп барады. Бұл әсіресе шетте орналасқан жеке секторға қатысты мәселе. Көптеген азамат апатты жағдайдағы баспанада тұрып жатыр. Енді ескісі сүріліп, орнына жаңа үйлер салынады. Бұл Президент пәрмені.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Бұл өте ауқымды жұмыс. Бастапқы кезеңде бұл жұмысқа мемлекет атсалысуы қажет. Шетелде мұндай тәсіл кеңінен қолданылады. Сондай-ақ бұл іске міндетті түрде бизнесті тарту керек. Тұрғын үй қорын жаңартудың басқа жолы жоқ. 

Бас қаланың келбеті өзгереді

Төртінші мәселе - Елорданың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру. Бұған дейін ортақ дизайн-код әзірленген. Бірақ, ол ресми құжат күйінде қалды. Салынып жатқан нысандар бір-бірімен үйлеспейді. Президент ғимараттар қорап сияқты деді. Кезінде ірі бизнес өкілдері «Абу-Даби Плаза», «Хан Шатыр», «Талан Тауэрс» сияқты кешендерді салған. Әкімдік осы тәсілмен тағы жаңа ғимараттар салуды қолға алуы керек. Мемлекет басшысының және бір тапсырмасы осы. Елорданың келбетін айтқанда ЛРТ-ны айналып өтеміз бе? Жыр болған құрылыс аяқталады. Мемлекет басшысы тұрғындарға берілген уәде орындалатынын айтты. Әйтпесе қалада кептеліс көп. Бесінші мәселе – елордада өмір сүру сапасын жақсарту. Мемлекет басшысы барлық тұрғынға қаладағы білім беру, денсаулық сақтау нысаны, мәдениет және спорт ғимараттары, сондай-ақ саябақтар мен қоғамдық орындар қолжетімді болуы керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Астанада баланы мектепке немесе балабақшаға орналастыру әлі де өзекті мәселе болып отыр. Көптеген мектепте оқушылар саны жоспарлы межеден артық. Шын мәнінде, үш ауысымды оқыту жүйесі сақталып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Қалада жаңа білім беру мекемелерінің құрылысына басымдық беру қажет. Сондай-ақ 15 қосымша білім беру нысанын салу керек. Үкімет Астананың, Ақмола және Қарағанды облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, елорда агломерациясын дамытуды ойластыруы керек. Арнайы құжат қабылдау қажет. Онда тұрғындардың пікірі және қалаға қатысты мәселенің бәрі ескерілуге тиіс.

Президент әкімге жағдайды жақсартуға бір жыл уақыт берді

Астана жасыл қала болуы керек. Бейбітшілік және келісім сарайынан жаңа вокзалға дейінгі аумақ саябаққа айналуға тиіс. Ол үшін аталған аудандағы көше мен ауланың бәрі  абаттандырылады. Елорданың жасыл белдеуіне қатысты жоспар да қайта қаралады. 

Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:

- Биыл жасыл белдеуде 450 мың түп ағаш егіледі. Бұл өзіңіз айтқандай жеткіліксіз. Негізгі мәселе тұқымбақтарда. Тиісті көлемде жасыл желек бере алмайды. Енді жоспарды қайта қарап, жасыл белдеуде қазіргіден екі есе көп ағаш отырғызамыз.

Жеңіс Қасымбектің Астанаға әкім болып тағайындалғанына тура жеті ай. Бұл қаланың барлық мәселесімен танысуға жетерлік уақыт. Мемлекет басшысы бас шаһардағы жағдайды жақсарту үшін әкімге бір жыл уақыт берді. Жұмысыңыз менің жеке бақылауымда болады деді. 

Қорған Қонысбайұлы @korgantore

- Жалпы бас шаһардағы негізгі проблема дұрыс жоспарлау жоқ. Жағдайдың соншалықты мүшкіл болуына жауапты басшылардың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойлағандығы себеп болды деді Президент. Қала басшылығы құрылыс компанияларының пайдасын емес, мемлекет пен азаматтардың мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс. Тапсырма осы. 

Қорған Қонысбайұлы