Қ. Тоқаев «Батыл тойтарыс-2023» оқу-жаттығу жиынына қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Алматы облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сапар аясында Президент «Батыл тойтарыс – 2023» әскери оқу-жаттығу жиынына қатысты. Оған Қазақстан қорғаныс күштерінің 2 мыңнан астам әскері қатыстырылды, 600-ден астам түрлі техника әкелінді. Оқу-жаттығу сценарийі бойынша қазақстандық әскер Іле өзенінің қарсы бетіндегі қарулы қарсыласқа тойтарыс беруі керек. Ол үшін әуе-шабуыл әскері, құрлық әскері мен арнайы операция күштері жұмылдырылды. Шараны Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бақылап отырды. Жаудың бетін қайтару үшін жауынгерлер жерден де, әуеден де соққы берді. Ал өзеннің арғы жағына ұрыс техникасын өткізу үшін инженерлер аз уақыттың ішінде понтон көпірін, яғни су үстінде таспалы көпір орнатты. Сондай-ақ бүгін оқу-жаттығу барысында алғаш рет 4 ұшақтан салмағы 2,5 тонна жүк бір мезетте түсірілді.