АҚШ - Орталық Азия саммиті басталады

Бірер уақыттан кейін БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясындағы АҚШ-Орталық Азия саммиті басталады.

Ақ үй басшысы бірінші рет аймақтағы елдердің президенттерімен бір үстелде кездескелі отыр. Сарапшылар ресми Вашингтон Орталық Азиямен байланысты арттыруға мүдделі екенін байқатты дейді. С5+1, яғни Орталық Азия - АҚШ саммитінде Джо Байденнен кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлейді деп күтілуде. 

Нұрбек Бекен, тілші:

«Бүгін БҰҰ Бас штаб пәтерінде кешегіден де қарбалас. Бірнеше квартал бұрын құрал-жабдықтарды тексеріп өткізеді. Медиаорталыққа келгенде тағы бір мәрте магниттік сканерден сүзеді. Өйткені Бас Ассамблеяның 78-ші сессиясының үлкен дебатына әлемдегі 150-ден астам мемлекет басшылары мен өкілдері келді. Оның ішінде алып держава АҚШ президенті Джо Байден де бар. Басты тақырып әскери қақтығыстар, климаттың өзгеруі, жаңа технологиялық қауіп қатер мен әлеуметтік теңзідікке арналып отыр. Түске дейін АҚШ басшысы баяндама жасап ертеңгі қатерді тоқтату үшін, бүгінгі қатерге қарсы тұруға шақырды».

Гэвин Хелф, АҚШ Бейбітшілік институтының аға сарапшысы:

«Бұл жерде уран туралы айтуға болады. Әлем бойынша уранның 40 процені Қазақстанда бар. Ал жаңа энергетикалық экономикада атом үлкен маңызға ие. Орталық Азия елдері үшін шикізатты ғана саудалудың перспективасы аз. Меніңше аймақтағы мемлекеттер, әсіресе Қазақстан 20 жылдан кейін әлемдік экономикада қандай орын алатынын ойлануы керек. Бұл жерде Америка, негізінен, техникалық, экономикалық және құрылымдық тұрғыдан алғанда өте пайдалы рөл атқара алады».

«Ал түстен кейін сессия аясындағы Орталық Азия - АҚШ саммиті басталады. Бұл С5+1 форматында президенттер деңгейінде алғашқы жиын болып отыр. Сарапшылар бұл ресми Вашингтонның аймаққа деген жаңа саяси бағытын айқындайды деп есептейді. Аймақ елдері іргедегі көрші мемлекеттермен Батыс арасында мүдделер тоғысатын экономикалық бағытты таңдауы керек, дейді.

Нұрбек Бекен, тілші:

- АҚШ президентінің кеңесшісі Джейк Салливан брифингте саммит қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылдануы мүмкін екенін айтып қалды. Онда негізгі салаларды қамтыған нақты жоспарларды тиімді жүзеге асыру үшін Америка Құрама Штаттары белгілі бір ресурстар беруге дайын дейді президенттің кеңесшісі. Саммитте аймақтық қауіпсіздіктен бастап сауда байланысы, климаттың өзгеруі және заң үстемдігін нығайтуға арналған реформаларға дейінгі бірқатар мәселе талқыланбақ.

Нұрбек Бекен