Президент: Жақсы болжам ақиқатқа айналады

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады.

Сұхбат кезінде Президент халықаралық валюта қоры сарапшыларының болжамын тілге тиек етті.

Алдыңғы жылмен салыстырғанда 15 пайызға артады деп бағаланған ішкі жалпы өнім Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім болмақ.

Алайда мемлекет басшысы макроэкономикалық көрсеткіштерден гөрі, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту әлдеқайда маңызды екенін жеткізді. Үкімет экономиканы басқарудың тың тәсілдерін қолдана алса, жақсы болжамдар ақиқатқа айналатынына сенім білдірді. Ол үшін бүгінде негізгі екі бағытта жұмыс атқарылып жатыр.

Ауқымды өнеркәсіп жобаларын іске асырумен қатар, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау – осы бағыттардың бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл міндетті орындауға жекешелендіру және активтерді қайтару науқандары да септігін тигізеді. Қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдей түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Осы орайда мен жақында Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл штабқа еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілген.