Мемлекет басшысы православие христиандарын Рождество мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев православ христиандарды Рождество мерекесімен құттықтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Рождество мерекесімен құттықтауы

2024 жылғы 07 қаңтар

                                     Құрметті отандастар! 

Қазақстанның барша православие христиандарын Рождество мерекесімен құттықтаймын! 

Бұл мейрамда жоғары адамгершілік қасиеттер кеңінен дәріптеледі, ізгілік пен әділдікті орнықтыра түсуге баса мән беріледі. Рождество адамзатты жасампаз әрі мейірімді болуға, жақындарына қамқорлық танытуға және мұқтаж адамдарға қол ұшын созуға үндейді, осы дінге сенетін жандарға үміт пен қуаныш сыйлайды.    

Басқа дәстүрлі діндер секілді православие де мызғымас рухани құндылықтарды орнықтыру, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беру және халқымыздың сан қырлы тарихи-мәдени мұрасын сақтау жолында маңызды роль атқарады. Православие еліміздің дәйекті дамуына қажетті басты шарттың бірі – жалпыұлттық бірлігімізді нығайтуға да ықпал етеді.  

Православиені ұстанатын азаматтарымыз Әділетті Қазақстанды құруға және еңбекқорлыққа, білімпаздыққа, отаншылдыққа, тілектестікке, өзара жауапкершілікке негізделген жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға елеулі үлес қосады деп сенемін. 

Баршаңызға зор денсаулық және бақ-береке тілеймін!