Президент СҚО-дағы құтқарушылар, еріктілер және кәсіпкерлермен кездесті

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына сапары аясында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмектесіп жатқан құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті.

Төтенше жағдай кезінде өңір тұрғындарының жоғары деңгейде ұйымшылдық танытқанын атап өтіп, табиғат апатымен күресіп жүрген барлық азаматқа алғысын жеткізді. Облыс бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Елена Семидоцких әр ауданда гуманитарлық көмек қабылдайтын пункт ашылғанын айтты. «Birgemiz» волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Анастасия Волкова еріктілердің жедел әрекет ету штабы құрылғаны туралы мәлімет берді. Сонымен қатар «Севказэнерго» кәсіпорнының басшысы Анатолий Казановский акционерлер тарапынан 100 млн теңге бөлініп, трансформаторлар орнату және электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Ал «Қызылжар жолдары» серіктестігі бөгеттер салу мен нығайту жұмыстарына арнаулы техника мен қажетті құрал-жабдықтар бөлген.