Қазақстан мен Қырғызстан су шаруашылығының жұмыс кестесін орындауға келісті

Қазақстан мен Қырғызстан басшылары одақтастықты нығайтатын тарихи келісімге қол қойды.

Жаңа құжат тегі туыс халықпен байланысты бекітіп ғана қоймай, қазіргі түйіткілдерді тарқатуға да сеп береді. Қос Президент келіссөзден шықққан соң "қазақ пен қырғыз арасында шешімі табылмаған мәселе болмауы керек" деп бірлескен мәлімдеме жасады. Демек, тарихы тереңде жатқан татулық күшейе түседі.

Ашығын айту керек, су мен шекарадағы кептеліс біраздан бері қарашаны қамкөңіл қылды. Астанадағы басқосуда бұл сұрақтардың ортақ шешімі табылды. Қазақстандық тарап Қырғызстаннан келген делегация мүшелерімен маңызды 7 құжатқа қол қойды. Қандай келісімдер бар?

Астана Қырғызстаннан келген мәртебелі мейманды жаймашуақ күнімен қарсы алды. Бүгін бас қаланың ауа райы екі мемлекеттің қарым-қатынасы сияқты ашық әрі мамыражай. Ал бауырлас елдің басшысын қарсы алатын Ақордада күн арқан бойы көтерілгеннен қарбалас. Себебі бұл тарихи құжатқа қол қойылатын маңызды сапар. 

Екі елдің мемлекет басшысылары төс қағыстыра амандасқаннан кейін бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Әрі қарай екі елдің әнұрандары шырқалып, түрі мен тілі, діні мен ділі ұқсас ағайынға құрмет көрсетілді. Кейін президенттер келіссөз залына беттеді.

Бекзат Аманов, тілші:

- Айырқалпақты ағайынмен алыс-берісіміз аз емес. Қазақстан Қырғызстанның саудадағы ең ірі үш серіктесінің бірі. Сандарды сөйлетсек, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд 571 млн доллар болды. Осылайша өсім 26 пайызға жетті. Экспорт 1 млрд доллардан асады, ал импорт 500 млн долларға жуық. Соңғы жылдары инвестиция саласындағы байланыс та беки түсті. 

Тауар айналымы - $1 млрд 571 млн

Экспорт - $1 млрд 76 млн

Импорт - $495 млн

Иә, серпіліс бар, бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Екі тарап тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Сол үшін салтанатты рәсімнен кейін Президенттер шағын құрамда келіссөзге отырып, саудадағы серіктестікті талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдағы мақсатымыз алыс-беріс көлемін 2 миллиард долларға жеткізу. Сонымен қатар осы бағытта болашағы зор бірқатар жоба қолға алынды. Жалпы сауда-экономикалық саладағы уағдаластықтар орындалып жатыр. Оларды екі ел Үкіметі қарап отыр.

Қазақстан қазір бұрын-соңды болмаған су тасқынының салдарымен күресіп жатыр. Қиын-қыстау сәтте айырқалпақты ағайын қол ұшын созды. Мемлекет басшысы сындарлы сәтте демеу болған қырғыз халқына алғыс айтты. Бұған дейін Қазақстан тарапы да бірнеше мәрте жылу жіберген. Бұл мәдени-гуманитарлық байланысымыздың берік екенін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жастар арасындағы ықпалдастық күшейді. Білім беру саласында тәжірибе алмасып жатырмыз. Бүгін өзіңізбен бірге Астанада әйгілі Манасқа ескерткіш ашамыз. Осының бәрі қазақ-қырғыз қарым-қатынасы жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Біз оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз.

Ал Садыр Жапаров Қазақстанды «ең жақын көршіміз» деп атады. Шын мәнінде бізді байланастыратын құндылық көп. Қырғыз басшысы осы ынтымақты старатегиялық серіктестік деңгейіне көтеріп, оның нығайтқысы келеді.

Садыр Жапаров, Қырғызстан Президенті:

- Екі ел арасында ешқандай саяси, аймақтық қайшылық жоқ. Мемлекет басшысы лауазымына келгелі бері қырғыз-қазақ қарым-қатынасы болсын, халықаралық құрылымдарда болсын, маған қолдау көрсетіп келесіз. Біз бауырлас қазақ халқына су тасқыны салдарынан туындаған қиын кезде қолдан келген көмекті беруге дайынбыз.

Бекзат Аманов, тілші:

- Қазақ пен қырғыз тарихы тамырлас, ағайыны бауырлас халық. Екі елдің байланысы ежелден тығыз, әрі қарай да қатынасқа қарқын қосқысы келеді. Қырғыз басшысы бұл жолғы сапарында үлкен делегациямен келіпті. Демек, талқылайтын мәселенің ауқымы да кең болады. 

Иә, алыстан ат терлетіп келген ағайынмен барлық саладағы түйіткілді тарқатып алған жөн. Кейде су, көлік-логистика саласында сұрақтар туындайтыны жасырын емес. Осы көп сауалға бір құжат жауап бере алады. Ол одастықты нығайту туралы шарт. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз қатынастарының дамуына тың серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан біз бұл келісімге үлкен үміт артып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті. Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысы ынтымақтастық аясын кеңейтуге жол ашады деп санаймыз.

Президенттің бұл сөзін сарапшылар да растайды. Бұған дейін тәжік және өзбек халқымен де осындай шарт жасастық. Құжат, ең алдымен Орталық Азиядағы тұрақтылыққа дем береді дейді Бауыржан Әукен.

Бауыржан Әукен, Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы, аймақтанушы:

- Одақтастық жөніндегі келісім шарт екі елдің бір біріне зиянын тігізбейтін келісім шарт болып табылады. Осы орайда одақтастық екі ел арасындағы маңызды мәселені шешумен қатар, перспективті деген бағыттардағы заңдарды нығайтуға, болашақта екі ел арасындағы қарым қатынасты одан әрі жақындастыруға арналған.

 Келелі кеңесте өзге де келісімдер талқыланды. Тараптар қараған бірінші мәселе – алыс берісті көбейту. Қазақстан қазірдің өзінде Қырғызстанға 195 тауар түрін экспорттай алады. Негізінен өнеркәсіп өнімдерін жіберуге дайын. Қырғызстандық тараптың да берері бар, сол үшін екі жақ қысқа мерзімде сауда айналымын арттыруға ниетті екенін көрсетті. Ал бұл істі жандандыру үшін шекарадағы жүк көліктерінің кептелісін шешу керек. Сол үшін Қазақстан 7 бекетті жаңғыртуға кірісті. 

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Жаңғырған бекеттердің бәрінде цифрлық технология енгізіледі. Бұл ауқымды жұмыс 2028 жылы аяқталады. Бауырлас халықпен су бөлісу мәселесін де қарау маңызды. Соңғы жылдары тіршілік көзінің тапшылығы артып барады. Келіссөзде мемлекетаралық су шаруашылығы құрылымдарының жұмыс кестесін жақын арада бекіту және оны уақытылы орындау мәселесі келісілді. 

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

«Бауырлас елдер арасында шешімі табылмаған мәселе болмауы керек». Маңызды 7 құжатқа мұрындық болған мемлекет басшылары БАҚ өкілдеріне берген бірлескен мәлімдемесінде осылай деді. Түйіткілерді тарқатып ғана қоймай, ортақ жобаларға дем беру ісі де талқыланғанын айтты. Қазақ инвесторлары қырғыз экономикасына белсенді қаржы құя бастаған. Мысалы, Ыстықкөлде күн энергиясы станциясы, ал Жалал-Абадта ферроқорытпа зауытын салу жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бірлескен кәсіпорындар тиімді жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасауға келістік. Осы орайда бүгін Өзара инвестицияларды қорғау жөнінде келісімге қол қойылды. Оған өздеріңіз куә болдыңыздар. Сондай-ақ электронды үкімет жүйесін енгізуге және дамытуға уағдаластық. Экономиканы цифрландыру үшін тәжірибе алмасу және ақпарат саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келістік.

Одақтастық туралы шарт – тарихи құжат. Бұл келісім жылдар бойы жауыр болған көп мәселені шеше алады деген сенім бар. Ал оған қос Президент үлкен үлес қосты. Сол үшін Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз басшысы Садыр Жапаровты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Өз сөзінде қос халықтың болашаққа бірге қадам басатынын айтып, мәңгілік достық пен мызғымас бауырластық жалғаса беретінін жеткізді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіз халықтарымыз арасындағы өзара тиімді байланыстарды нығайтуға зор еңбек сіңірдіңіз. Мен осыны ескере отырып, Сізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл ерекше құрмет пен шынайы ризашылықтың белгісі. Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне сенімім мол. Қазақстан мен Қырғызстанның достығы мәңгі жалғаса берсін.

Келіссөз ауқымы кең болды. Көп мәселенің ортақ шешімі табылды. Осылайша Астана төрінде екі халықтың тұрмысына тікелей әсер ететін маңызды құжаттарға қол қойылды. Қазақстан бүгін келісімдерді толық орындауға дайын. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев растады. Садыр Жапаров та бұл уағдаластықты орындайтынын жеткізді.

Бекзат Аманов, Марат Диханбаев