Тоқаев: Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде осылай деді.

Баршаңыз куә болып отырсыздар, қазір әлемде түрлі табиғат апаты көбейіп барады. Қазақстан да үлкен қатерге тап болды. Еліміздің көптеген аймақтарында алапат су тасқыны болып жатыр. Біз үшін ең басты мақсат – азаматтардың амандығы. Соған сай Үкімет барлық қажетті іс-әрекеттерді жасап жатыр, тиісті қаражат бөлінді, ірі компаниялар мен бизнес өкілдері қол ұшын беруде. Осыған дейін де айттым, жойқын су тасқынынан бұзылған үйлерді қалпына келтіру, зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – дәл қазір Президент ретінде менің алдымда тұрған аса маңызды міндет. Сондықтан мен елімізде бұрын жоспарланған халықаралық іс-шараларды қысқарту туралы нақты тапсырма бердім – деді Тоқаев.

Биыл Астана халықаралық форумын өткізбейтін болдық. Әрине, бұл – елімізге қажет, өте маңызды жиын.

Дегенмен оны кейінге қалдыра тұруға болады. Ал кезек күттірмейтін кездесулер мен іс-шаралардың жөні бөлек. Бұл ел игілігі үшін керек. Ассамблея сессиясы жыл сайын Бірлік күні қарсаңында өтеді. Ал биылғы басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Шын мәнінде, бұл сессияны дәл осы кезде өткізудің мәні зор. Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндерде көзіміз жетті деуге болады – деді Президент.

Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды.

Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді. Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды. Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын. Біз сын сағатта жұрт болып жұмылдық. Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Ең бастысы, біз адам өмірін барынша сақтап қалдық – деді Мемлекет басшысы.