Тоқаев: Қазақстанымыз таза болуы қажет

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына барша қазақстандықтар үлес қосып, туған жерімізді көркейтуге атсалысуда.

Ел көлемінде болып жатқан шараға бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Президент Еордалық жастармен бірге «Ұлытау» аллеясында ағаш отырғызып, өскелең ұрпақты туған жерімізге құрметпен қарауға шақырды.

Көктем келісімен барша отандастарымыз «Таза Қазақстан» акциясына ерекше ынта-ықыласымен кірісті. Туған жерді түлетіп, оны көркейтуге үлес қосу әркімнің парызы екенін айтқан Президент, шараның тәлімдік мәніне де тоқталып, оның мемлекеттік маңызы бар іс екенін алға тартты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шын мәнінде елімізді көгалдандыру, абаттандыру үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл жалпыұлттық мәселе.

Қазақ халқы артыңда мал қалғанша, тал қалсын деп текке айтпаған. Табиғатпен біте қайнасқан халқымыздың осы бір дәстүрі берекелі бастамаларға ұласуда. Сенбілік барысында Президентке Астана қаласын көгалдандыру жоспары таныстырылды. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл 1,1 миллион жасыл желек, соның ішінде елорданың жасыл белдеуі аймағында 200 мың түп көшет отырғызу жоспарланған. Егілген жасыл желек күтіп-бапталатын болады. Президент бұл жұмыстар экологиялық маңызға ие екенін айтып, қаланы абататтандыру мен көгалдандырудың халқымызға қажеттілігін алға тартты.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ ең алдымен Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек.

Шараға волонтерлер, Ассамблея жастары, еліміздің креативті индустрия өкілдері мен алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушылар атсалысты. Олар Президентпен бірге сенбілікке қатысып, жөке ағашының 430 түп көшетін екті.

Асылхан Төлепов, актёр:

- Біз жастар Таза Қазақстан экологиялық акциясын қолдаймыз. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағыталған шара. Бүгінгі күні халықтың ыстық ықыласын, белсенділігін туғызды.

Қоғамда қазір вандализм дейтін дерт пайда болды. Президент заң мен тәртіп үстемдігі бәріне қатысты екенін айтып, вандализммен батыл түрде күресу қажет екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіреберісі болсын, бәріне ұқыпты қарауымыз қажет. Вандалдармен табанды түрде күресу керек. Сондай-ақ олардың заң жүзінде қатаң жазаланатынын айттым. Әр нәрсенің шегі бар. Елімізде тәртіп болуы керек. Заңды сақтау қажет.

Шара барысында Президентке «Мыңжылдықтар аллеясын» дамыту жоспары және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысы жөнінде баяндалды. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Ботаникалық бақты аралап, жалпықалалық сенбілікке қатысып жатқан тұрғындарға, елорданың коммуналдық шаруашылық мекемелерінің қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

Қуандық Танабас