Тасқынның бетін қайтаруға атсалысқандар марапатталды

Бірлік күнін Алматы жұрты бұрынғыдан өзгеше атап өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Шара еліміздің батысы мен солтүстігіндегі су басқан өңірлерге әлеуметтік көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Қала әкімі су тасқынымен күресте еңбегі сіңген тұрғындарды марапаттады.

Абай алаңында ауқымды мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мақсат – халықты бірлікке жұмылдыру, игі іске үлес қосу. Шара барысында тасқынның бетін қайтаруға белсене үлес қосқандар марапатталды. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен еріктілер, қиын-қыстау кезеңде ортақ іске жұмылған жанашыр азаматтар бар. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев осындай 32 белсендіге алғысхат табыс етті. Соның бірі Долкунтай Абдухалил Алматыдағы жедел штабқа жетекшілік етіпті. 

Долкунтай Абдулхалил, Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығының төрағасы:

- Мына екі «фурада» «резина» етіктер бар, сосын қайықтар бар. Одан кейін көрпе бар және тамақтары да бар. Екінші кезеңде қазір құрылыс заттарына да біз тырысып жатырмыз. Өйткені үйдің үстін жабу керек, оған әртүрлі «профнастил» болады. Оған да атсалысамыз.

Бірлік күніне арналған шарада қайырылымдылық жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Онда 10-нан аса мейрамхана жұмыс істеді. Сатылымнан түскен қаражат су тасқыны салдарын жоюға аударылады. Қала тұрғындары батыс пен солтүстікке осылай көмек қолын созды.

Сауалнама:

- Өзбек этномәдени бірлестігі де өзінің үлесін қосып, 6 миллионға жуық гуманитарлық көмек көрсетті. Бүгін осы мейрам қарсаңында барша қазақстандықтарды Бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймын.

- Еліміздегі су басқан өңірлерге көмек ретінде мерекелік шара ұйымдастырған және гастрофестиваль болады екен. Отандастырымыздың бірлігі үшін шын қуанып тұрмын. Еліміз аман болсын!

- Бірлікпен егер де сол қаражат талан-таражға түсіп кетпей, мемлекет басшылары қолға алып, халықтың қамын ойласа, ол мәселе жақсы шешілу керек.

Мерекелік шара қайырымдылық концертпен жалғасты. Әр ұлттың әндері айтылып, отандық және түркітілдес елдерден келген әншілер де өнер көрсетті.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов.