Қостанайдағы зауыт биыл 10 мыңнан астам көлік шығармақ

Қостанай автозауыты ағымдағы жылы 10 мыңнан астам көлік шығаруды жоспарлап отыр.

Әлемдік брендке ие түрлі модельдер қатарын биыл JAC маркалы электромобильдер толықтырды. Бұл Қытайдың халықаралық корпорациясымен бірлескен инвестициялық жоба. Елбасы өз Жолдауында экспортқа негізделген экологиялық таза автокөлік өндірісін дамытуды тапсырған болатын. Жергілікті мамандар оның жүзеге асуы саланың дамуына тың серпін береді деген пікірде.

Өткен жылы Қостанай автозауытында тәжірибе түрінде электромобильдердің 12 данасы құрастырылды. Олардың бірқатары автосалондарға жіберілсе, қалған бөлігі сынақтан өтуде. Бастапқы нәтиже тоқпен жүретін көліктердің тиімділігін көрсетіп отыр.

Александр Свадьбин, автозауыт директорының орынбасары:

- Бір көлікті толық қуаттандыруға 40 кВт электр энергиясы жұмсалады. Егер ақшаға шақсақ, сол аралыққа кететін жанармайдан кем дегенде 3 есе арзанға түседі.

Электромобильдерге сұранысты арттырудың басты шарты инфрақұрылымды дамыту. «Тоқпен қуаттандыратын станциялар көптеп салынса, үнемді және экологиялық таза көлікті тұтынушылардың қатары толыға түсер еді», - дейді зауыт қызметкерлері.

Сергей Могилатов, автозауыттың техникалық директоры:

- Жанар-жағармай құю станциялары әр жерде бар. Электромобильдерге де сондай қызмет көрсететін орындар керек. Егер әр адам көлігін қуаттандыратын, жөндейтін, батарея ауыстыратын кезде қиындық туындамайтынын білсе, сатып алушылар көбейері сөзсіз.

Қытайдың трансұлттық корпорациясы электромобиль өндірісіндегі озық технологиялық жаңалықтарымен бөлісіп отыруға әзір. Бұл өз кезегінде автокөліктің өзіндік құнын төмендетуге ықпал етеді. Қазір кәсіпорын экспортқа шығу мүмкіндігін де қарастырып жатыр. 

Сергей Могилатов, автозауыттың техникалық директоры:

- Ресей Федерациясына, сондай-ақ Орта Азия елдеріне өткізсек деген ойымыз бар. Қостанайдың орналасқан жері, теріскейдегі көршіміздің жақындығы бұл жобаны жүзеге асыруға өте ыңғайлы деп білем.

Қостанай автозауыты жасыл экономикаға сай келетін көлік түрін биыл жаппай шығара бастауға толық дайын.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров