Жамбылдық білім саласының мамандары Жолдауда жүктелген міндеттерді орындауға кірісті

Жамбылдық білім саласының мамандары Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерді орындауға кірісіп жатыр.

Өңірде биылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы қолға алынбақ. Жаңа бағдарлама бойынша қазірдің өзінде 4 мыңнан астам адам білім алып жатыр. Оған ең алдымен жұмыссыз және кәсіби білімі жоқ азаматтар қабылданады. Басты мақсат - ел экономикасына екпін беретін отандық өндірістер үшін мамандар даярлау. Жамбыл облысында ақпараттық технологиялар саласына мамандар дайындауға ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағытта өңірде 11 орта арнаулы оқу орындарында 3 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Жамбыл политехникалық колледжінің базасында бұл мамандық бойынша 100 адам мемлекеттік тапсырыс негізінде білімін шыңдап жүр. Сабақ ағылшын тілінде өткізіледі.

Дмитрий Полуюфта, студент:

- Барлық ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Өз салам бойынша маған ағылшын тілі керек. Өйткені көбінесе осы программалық тілдер тек қана ағылшын тілінде.

Білім ордасы биылғы оқу жылынан бастап 4 жұмысшы мамандық бойынша кадр даярлауға көшті. Бұл «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Асылхан Мұрат, студент:

- Осы мамандықтан жұмысшылар жетіспеуде. Сондықтан біз осы мамандықты оқып жатырмыз. Бұл мамандықтан жұмысшы мамандығы ретінде біз ұялмай айта аламыз. Өйткені Елбасымыздың өзі жұмысшы маманы ретінде президенттік дәрежеге дейін жеткен болатын. Осы мамандық арқылы біз болашақта елімізді жоғары деңгейге көтереміз деп айта аламын.

Өңірде жұмысшы мамандық иелеріне сұраныс жоғары. Мәселен «ПОШ-Тараз» фабрикасында жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін кадрлар тапшы. Мұнда жылына 2 мың тонна жүн өңделіп, жартылай дайын өнім шығарылып келеді. Жоспарда жүн кластерін қалыптастырып, шикізатты дайын өнімге дейін өңдеу межесі тұр. Сондықтан фабрика 50-ден астам маманға сұраныс беріп отыр.

Бақыт Сүйінбаев, жүн өңдеу фабрикасының бас инженері:

- Осылардың барлығы бізге қазір ауадай қажет. Тоқыма өндірісі кеңінен ашылатын болса және кең көлемде ТОПС өндірісі, жіп иіру өндірісін дамытатын болсақ бізге бұл мамандар қажет болып тұр.

Бұл сұранысты Жамбыл политехникалық колледжінің ұжымы қанағаттандырмақ. Қазіргі таңда оқу орнында білікті маман даярлауға қажетті материалдық-техникалық база жаңартылып, қажетті құрал-жабдықтармен толықтырылып жатыр.

Жанар Орынбаева, Жамбыл политехникалық колледжінің директоры:

- Президент Жолдауында кәсіптік білім беру жүйесінде экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар даярлауға ден қою керек, назар аудару керек деп баса көрсетіліп отыр. Сондықтан білім саласындағы бақылау департаментіне жұмысшы біліктіліктері бойынша жұмысшы біліктілігін алуға тапсырыс бердік. Енді лицензия алуды күтіп отырмыз.

Айта кету керек, оқушылардың сыни ойлау қабілеті мен өз бетімен іздену, зерттеу мәдениетін дамыту мақсатында 225 мектепте ғылыми қоғамдар құрылып, облыс балаларының 35 пайызы қамтылған. Ал 7 мыңнан астам педагог сын тұрғысынан ойлау технологиясын тәжірибеде қолданып жүр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә.