Теміртауда ЕХРО көрмесінде әр жылдары ашылған жаңалықтар мұражайы таныстырылды

Әлемнің әр түкпірінде, әр жылдары өткен ЕХРО көрмесі өмірге қандай жаңалықтар әкелді?

Бұл туралы Теміртау қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайында ұйымдастырылған көрмеден білуге болады. Мұндағы 20 жәшікке 20 жәдігер жасырылған. Оны көрмеге келушілер өздері ашып, көріп, тарихымен таныса алады. Мәселен, 1951 жылы Лондонда өткен ең алғашқы көрмеге Исаак Меррит Зингер ойлап тапқан тігін машинкасы қойылған. Ал мына кір жуатын құрылғы 1855 жылы Парижде жұрт назарына ұсынылды. Тағы бір жәдігер - жазу машинкасы американдық Кристофер Шоулздың өнертабысы. 1876 жылы Филадельфияда өткен көрмеде бұл жаңалыққа таңдай қағып, таңданбаған жан қалмаған. Теміртаудағы көрмеден сондай-ақ алғашқы радио, сенсорлық экран, ұялы телефон, рентген, жиһаздың атасы саналатын Вена орындығы, сүңгуірлер киімін көруге болады. Мұражай қызметкерлері алдағы уақытта Астанада өтетін ЕХРО-2017 көрмесінде ашылатын жаңалықтар туралы тағы бір көрме ұйымдастыруды да жоспарлап қойған.

Татьяна Хмелева, мұражайдың аға ғылыми қызметкері:

- Қазір әлемнің 100-ден астам елі буынып-түйініп Астанада өтетін көрмеге дайындалып жатыр. Олардың барлығы да елімізге жасыл экономика тақырыбындағы түрлі жаңалықтарды әкелетіні сөзсіз. Біз оларды келесі көрмеде міндетті түрде көрсететін боламыз.