EXPO-да қойылған жаңа технологиялар қолданысқа енгізіледі

Энергетика министрлігі ЭКСПО көрмесіне қойылған жаңа технологияның 105 түрін іріктеп алды. Енді бұл жобалар қолданысқа енгізмек. Қазірдің өзінде 9 компания 42 технологияны іске асыруды жоспарлап отыр.

Ал 12 жобамен әкімдік айналысса, 14-ін жоғарғы оқу орындары ғылыми зерттеу мақсатында пайдаланады. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен брифингте айтылды. Осылайша 2020 жылға таяу электр энергиясындағы баламалы қуат көздерінің үлесін 3 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиевтің мәліметінше, бұл көрсеткіш былтыр 1 пайыз болған. Айта кетейік, Еуропалық қайта құру және даму банкі жаңартылатын энергияны дамыту үшін бізге 200 млн доллар бөлмек. Бұған қоса өзге қаржы ұйымдары тарапынан 480 млн шетел валютасы тартылады.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрінің орынбасары: 

- Бұл технологиялардың тізімі кеңеюі мүмкін. Бірақ, технологияларды іріктеп алғаннан кейін  оны енгізгенге дейін арада шамалы уақыт өтеді. Оны ескеру керек. Әрине бұл бастама тиісті ресурстар бөлуді қажет етеді. Бірақ жобалардың экономикалық және экологиялық, әлеуметтік  тұрғыдағы тиімділігі орасан зор болуы мүмкін.