USD 327.20

EUR 388.00

РУБ 5.31

Қазақстан мен Өзбекстан мамандарды бірлесіп дайындауға уағдаласты

  • 254
Қазақстан мен Өзбекстан мамандарды бірлесіп дайындауға уағдаласты

Өзбекстанның жоғары оқу орындары қазақстандық білім беру мекемелерімен бірге заман сұранысына сай мамандарды даярлауға дайын.

Бұл туралы елшімен кездескен Өзбекстанның Жоғары және арнайы орта білім министрі мәлімдеді. Көршілер бүгінгі таңда ең көп сұранысқа ие болып отырған мұнай-химия және агроөнеркәсіп саласына ерекше мән беріпті. Жастарды оқытумен қатар кәсіби деңгейі жоғары профессорлардың бұрыннан келе жатқан өзара байланысы да жақсармақ. Ашық алаң құрылады. Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының бірінің базасында технопарк құрылатын болды. «Білім саласындағы бірлік екі ел басшысының халыққа арнаған жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыруға негіз болады», дейді Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев. Жүздесуде тараптар өзара ықпалдастықты одан әрі арттыру жағын талқылады. Қазірдің өзінде 20-ға жуық білім ошағы өзара келісімге қол қойған. Соның негізінде бүгінгі таңда бірнеше қазақ жастары сол елде білім алып жатыр. Ал тиісінше Өзбекстаннан келіп оқимын деген түлектерге арнайы бір жылдық курстар да ашылған. Ары қарай жоғары оқу орындарында білім алады. Алдағы уақытта екі елдің жоғары оқу орындары жайлы мағлұмат беретін орталық құру жағы да көтерілді. Ең негізгісі шетте оқыған жастардың қолындағы дипломын тану механизмі де жеңілдетілетін болды.

Ином Маджидов, Өзбекстан Республикасының Жоғары және арнайы орта білім министрі:

- Дипломдарды стратификациялаудың стандартты процедуралары бойынша және оны тану мақсатында үлкен мәселе көріп тұрғаным жоқ. Сонымен қатар біз осы процедуралардың барлығын оңтайландырамыз. Менің ойымша, Қазақстанда болсын, Өзбекстанда болсын жоғары оқу орнын бітірген жас студенттер үшін сол елдерде жұмысқа орналасуына ешқандай қиындықтар болмайды.

Ерік Өтембаев, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі: 

- Бүгінгі таңда біз министрмен студенттерге үлкен үрдістерге қатысуға мүмкіндік беретін жаңа бастамалар туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Жоғары оқу орындары аймақтық ынтымақтастық негізінде жаңа технологияларды дамыта отырып, орталықтар құруға мүмкіндік береді. Университеттердің өзара байланысы бірлескен ғылыми жобалардың да жүзеге асуына мұрындық болады. Әсіресе Қазақстан мен Өзбекстан білім саласындағы мол тәжірибесін қолдана отырып, агроөнеркәсіп пен мұнай-химиясына қажетті мамандарды дайындау туралы келісімге қол жеткіздік. 

Хабар 24 әлеуметтік желілерде