352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтаудағы мектепте виртуалды кітапхана пайда болды

  • 568
Ақтаудағы мектепте виртуалды кітапхана пайда болды

Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары әдеби кітаптарды ІТ-технологияның көмегімен оқуға көшті.

Білім ордасында арнайы баннер ілініп, онда 100-ге жуық әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармаларының суреті бейнеленген. Әр суреттің төменгі бөлігіндегі QR кодты кәдімгі смартфон көмегімен ашуға болады. Сол жерге ұялы телефонның камерасын бағыттаса, таңдалған кітаптың үш тілдегі электронды нұсқасы құрылғы жадына сақталып қалады.

Әсел Өмірбек, НЗМ оқушысы:

- Сіз ең алдымен өзіңіздің ұялы телефоныңызға QR код ридер қосымшасын жүктеп аласыз. Қосымшаны жүктеген соң, өзіңіз бұрыннан оқығыңыз келген кітаптың штрих-кодын көрсетесіз. Сосын сіздің ұялы телефоныңыздың экраны арқылы осы кітапты оқу мүмкіндігі пайда болады.

Кейбір оқулықтардың жанынан QR кодтан бөлек аудиокітап белгісін де көруге болады. Яғни оқушы ұйықтар алдында немесе қоғамдық көлікте келе жатып құлаққап арқылы таңдаған кітабының дыбыстық нұсқасын тыңдай алады. Бір айдың ішінде баннер ілінген жер балалардың сүйікті орнына айналып үлгерген. Бүгінге дейін жекелеген кітаптардың электронды нұсқасы 300 рет жүктеліп алынған.

Әсел Исмаханбетова, НЗМ тілдік пәндер бойынша үйлестірушісі:

- Бұл жобаны біз білім қорымен бірлесе отырып жүзеге асырдық. Алдымызға қойылған міндет – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру. Үш тілділік саясатын жүзеге асыру және оқушыларымызды кітап оқуға шақыру.

«Мувикс» үйірмесін жүргізетін оқушы «Менің атым Қожа» онлайн кітап желісімен түсірілген көркем фильмді көруге шақырады. 

Назарбаев зияткерлік мектебінде «Мувикс» үйірмесі бар. Оған 9 сынып оқушысы Дана Ербергенова жетекшілік етеді. Мұнда кітапқұмар балалар әр бейсенбіде бас қосып, сүйікті шығармасының желісі бойынша түсірілген фильмдерді тамашалайды. Одан кейін кинодан алған әсерін үш тілде жеткізу арқылы тілдік қорын байытады.

Дана Ербергенова, «Мувикс» үйірмесінің жетекшісі:

- Үйірмені ашудағы мақсатым – оқушылардың сыншылық қабілетін ояту. Өзі оқыған кітап желісімен түсірілген фильмде режиссердің еңбегін бағалау. Осы арқылы көрерменге не жеткізгісі келгенін өз түсінігімен айту. Қызу пікірталас кезінде оқушылардың ашылып, үш тілде сөйлеу мәнері жақсарғанына көз жеткізіп келемін. 

Ендігі оқу жылында виртуалдды кітапханалар санын көбейту жоспарда бар. Әрқайсысы топтастырылған кітаптардың мазмұнына қарай тіл-әдебиет, тарих, биология секілді оқу кабинеттеріне қойылмақ.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы