356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2020 жылы еліміздегі шетелдік студенттердің қатары 5 пайызға артады

  • 450

Қазақстан Орталық Азия елдерінің білім беру хабына айналуы тиіс.

Бұл – Елбасының Білім және ғылым министрлігіне берген тапсырмасы. Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 13 мыңнан астам шетелдік студент оқып жатыр. Құзырлы орган 2020 жылы олардың қатарын 5 пайызға арттыруды көздеп отыр.

Назарбаев Университеті – халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орны. Мұнда 4 мыңнан астам студент білім алады. Оның 25-і –шетелдік. Солардың бірі – Түркия азаматы, болашақ дәрігер Айнұр Айдын.

Айнұр Айдын, Н.Назарбаев Университетінің студенті:

– Халықаралық болғаны үшін осы университетті таңдадым. Университеттің бір ерекшелігі – жаңа жүйені орнатып жатыр. Америкадағы медицина сапасы әлемдегі ең сапасы жақсы болып саналады және біздің университетте де сондай сапада білім беріліп жатыр. Жүйесі біздің медециналық университеттен ерекше. Себебі бірінші 4 жыл біз тек қана биологияны оқып жатырмыз.

Ал мексикалық Сандар Рэал: «Қазақстан – Орталық Азиядағы беделді елдердің бірі, осы жерде білім алу менің арманым болатын», – дейді. Қазір магистрант Еуразия тарихын зерттеп жатыр.

Сандра Рэал, Н.Назарбаев Университетінің студенті:

– Қазақстан – өте әдемі ел. Менің мамандығым – химик, қазір антропологиялық жұмыс істеймін.

Назарбаев Университетінде төрт жүзге жуық білікті маман еңбек етеді. Оның тең жартысы – шетелден келгендер. Соңғы екі жылдың ішінде оқу ордасын 2 мыңға жуық түлек бітіріп шықты. Олардың арасында білімін жетілдіремін дегендер АҚШ, Ұлыбритания сынды елдердің оқу орындарына түскен.

Қадиша Дайырова, Н.Назарбаев Университетінің студенттермен жұмыс және халықаралық ынтымақтастық бойынша вице-президенті:

Шетелдік студенттер бізге не үшін керек? Олар еліміздің келешек серіктестері мен қолдаушылары, достары. Сондықтан Қазақстанда білім алып, біздің жастармен етене араласқандары жөн.

Бұған қоса Қазақстан көмекке мұқтаж мемлекеттердің азаматтарының да білім алуына мүмкіндік жасап келеді. Мәселен, ауғанстандық жастардың тегін оқуына еліміз арнайы грант бөлген. Қос мемлекет арасында келісім жасалып, 2010-2014 жылдар аралығында Қазақстанға келген мың студенттің 700-і жоғары, 300-і кәсіптік-техникалық колледждерде оқып жатыр. Жалпы қазақ жеріне табан тіреген шетелдік студенттер еліміздің 100-ге жуық жоғары оқу орнында заңгер, архитектор, қаржыгер секілді көптеген мамандықты игереді.

Бану Нарбекова, ҚР БҒМ ЖОО кейінгі жоғары білім департаменті директорының орынбасары:

– Студенттер – көршілес Орталық Азия елдерінен келген студенттер. Олардың көпшілігі мемлекеттік келісімдер аясында келеді. Бірақ ол аз ғана. Қазір Қазақстанда 13 мыңнан астам шетелдік студент оқып жатса, олардың дені Моңғолия, Қытай, Иран, Египет, Еуропа елдерінен келгендер.

Білім министрлігі шетелдік студенттерді көптеп тартуға көңіл бөліп отыр. Халықаралық тәжірибеге зер салсақ, көршілес Ресейге жылына 175 мың шетелдік келеді екен. Ал Францияда өзге мемлекеттердің 320 мың қыз-жігіті білім алады. Біздің ел 2020 жылға дейін шетелдік студенттердің санын 5 пайызға дейін арттыруды көздеп отыр.

Авторлары: Әсел Басшыбек, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы