USD 340.98

EUR 394.60

РУБ 5.34

Теміртаудағы мектептің құрылысы тоқтап қалуы мүмкін

Теміртаудағы мектептің құрылысы тоқтап қалуы мүмкін

Теміртау қаласындағы жаңа мектептің құрылысы тоқтап қалуы мүмкін. Себебі жобада көрсетілген кейбір құрылыс материалдары Қарағанды облысында мүлдем өндірілмейді. Ал сырттан тасу тым қымбатқа түседі. Ең сорақысы, бұл сома сметада еш қаралмаған. Ал мердігерлер қараша айында білім ошағын мемлекетке тапсыруы тиіс.

Бұдан былай еліміздегі 600 және 900 орындық мектептердің барлығы белорустық жоба бойынша салынады. Себебі құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті дәл осы жобаны бекітіп жіберген. Алайда құжаттың шикі тұстары көп, - дейді құрылысшылар. Соның салдарынан Теміртаудағы мектептің құрылысы тоқтап қалуы мүмкін. Айталық, жобада көрсетілген көптеген материалдарды Қарағанды облысының ешбір зауыты өндірмейді.

Бейсенбай Айсанов, мердігер:

- Ригель проблема, колонна қымбат болып тұр, ондай Қарағандыда шығарылмаған соң қымбат. Қабырғалы панель де сондай. Электр жабдығымен де сондай мәселелер бар. Кейбір жерлерде мысалы, перемычка секілді детальдар қалып қойған. Қызмет көрсетушілер сұрақ қойып жатыр, жылу қосылмайды насос қоймасаңдар, есептеу құралын қоймасаңдар деген секілді. Соның барлығын проектіге енгізу керек те, қосымша ақша бөлу керек.

Өкінішке орай, шетелдік жобалаушылар құжатты дайындағанда әрбір облыстың мүмкіндігін ескермеген, - дейді мердігер компания өкілдері. Әрине, бұл құрылыс материалдарын басқа жақтан сатып алуға болады. Бірақ ол тым қымбатқа түседі. Ал ол сметада қаралмаған.

Бейсенбай Айсанов, мердігер:

- Сметаның ішінде 671 ригель қалып қойған. Оның бағасы жоқ. Оны басынан бастап айтып жатырмыз. Ол 100 миллионнан артық ақша. Жобада бар, сметада жоқ. Сол қалып қойған.

Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы - құрылыс жобасына өзгеріс енгізу керек екен. Бірақ оны авторымен ақылдасып жасау қажет. Демек, ол тағы қаншама уақытқа созылады, әрі қосымша қаражатты талап етеді. 

Низами Гаджиев, Теміртау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Қазір бұл мәселемен айналысып жатырмыз. Құрылыс басқармасы мердігер компаниямен бірлесіп оны шешудің жолдарын қарастыруда. Жобаға өзгеріс енгізуді сұрап жуырда құрылыс комитетіне хат жаздық.

Айта кету керек, дәл осы белорустық жоба бойынша жазда Қарағанды қаласында тағы екі бірдей мектептің құрылысы басталмақ. Сол кезде жұмысқа кедергі болмау үшін өзекті мәселені қазірден бастап шешу керек. Құрылысшылар осылай дейді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Хабар 24 әлеуметтік желілерде