USD 346,51

EUR 401,20

РУБ 5.48

Жамбыл облысының оқушылары ғылыми жобалар жарысында алты жыл бойы алда келеді

Жамбыл облысының оқушылары ғылыми жобалар жарысында алты жыл бойы алда келеді

Жамбылдық оқушылар ғылыми жобалар жарысында биыл да үздік шықты. Өңір жеткіншектері республикалық байқауда алты жыл қатарынан командалық бірінші орынды иеленіп отыр. Бұл жолы жасөспірімдер бүгінгі күнгі ең өзекті тақырыптар бойынша жұмыс істеді. Аймақтан 57 оқушы қатысып, басым көпшілігі жүлделі оралды.

Баламалы энергия көздерінен қуат алатын дербес үйшікті Нұртілеу мен Егор жасап шыққан. Жобаның ерекшелігі көп. Шағын үлгідегі үй күн мен желден энергия алумен шектелмейді. Олар үйдің бір қабырғасын «Криптонмен» толтырылған арнайы шынымен қаптаған. «Инертті газ жылуды қабылдап, сырқа шығармайды. Осы арқылы нысанды еш шығынсыз жылытуға болады» дейді оқушылар. 

Нұртілеу Аманкелді, оқушы:

- Нормальный размердегі үйге 2 миллион кетеді. Мынаның бәрін қоюға. Бұның 24 батареясы кетеді. Содан соң 16 қорғасын акуммулятор кетеді. Бір контроллер инвертор. Бір 60 квадраттық үйге жетеді. Күннен энергия алып, желден энергия алып жұмыс істесе өз өзінің құнын 2 жылда ақтайды.

Жас ғалымдар туындыны еліміздің шөлейтті аймақтарында тұратын халықтардың жағдайына ыңғайлап жасаған. Тіпті шатырдан аққан жаңбыр мен қар суын да кәдеге жарату жағын ескерген. 

Егор Дуля, оқушы:

- Қазақстанның 30 пайыз халқы таулы, шөлейтті жерде өмір сүреді. Мемлекетке кейбір аймақтарға коммуникациялық жүйе тарту тиімсіз. Мына жоба арқылы 3 жарым млн адамды тегін энергиямен қамтуға мүмкіндік береді. Құрастыруға бір жарым жыл уақыт кетті. Қазір жаңа энергия көздерін анықтау уақыт талабы болып отыр. Сондықтан әлі де жетілдіреміз. 

Республикалық жарысқа 47 жобамен, 57 бала қатысты. Олардың 20-сы жүлдегер атанып, командалық бірінші орынды иеленді. Жалпы бүгінде өңірде техникалық шығармашылық бағытындағы әлеуетін арттыру үшін 450 мектепте оқушылардың ғылыми қоғамдары құрылды. Онда 15 мыңнан астам бала тартылған. 

Мұхтабар Рустамбаева, жоба жетекшісі:

- Барлығын өздері жасады. Мен тек бағыт-бағдар бердім. Олар бүкіл әлемдік маңызы бар тақырыппен жұмыс істеді. Бастапқыда экоүй жасаудан бастаған. Кейін жетілдіре келе осы жобаны шығарды. Бұл келешекте үлкен сұранысқа ие болады. 

Жәмилә Бекбатырова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Білімнің негізі бастауышта қалатын болғандықтан біз бастауышта да бұл жұмысты бастаймыз. Сол себептен бастауыш, негізгі буында, орта буында , жүйелі түрде бұл жұмыс жүргізілгеннен кейін өзінің нәтижесін беруде. 

Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес 2016-2017 жылдары 10 мыңнан астам мұғалім біліктілігін арттырған. Биылғы оқу жылында тағы 5 мыңнан астам педагогты қамту жоспарда. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 әлеуметтік желілерде