USD 346,51

EUR 401,20

РУБ 5.48

Елордалық 3 студент тоғызқұмалақтың мобильді қосымшасын әзірледі

Елордалық 3 студент тоғызқұмалақтың мобильді қосымшасын әзірледі

Тоғызқұмалақтың электронды үлгісі әзірленді.

Ұлттық ойынды енді мобильдік нұсқасы арқылы әлемнің кез келген түкпірінде ойнауға болады. Бұл – елордалық үш студенттің тырнақалды туындысы. Еуразия ұлттық университетінің шәкірттері осылайша Ұлыстың ұлы күнінде өзіндік тарту-таралғы жасады.

Ертеректе ата-бабаларымыз тоғызқұмалақ ойыны үшін кәдімгі қойдың құмалағын қолданған. Бертін келе арнайы тастар пайдаланатын болды. Ал қазіргі заманда бұлардың ешбірі қажет емес. Өйткені ұлттық ойынымыз ұялы телефонға енгізіліп отыр. Ел аузында «Қойшылар алгебрасы» аталып кеткен тоғызқұмалақты енді кез келген жерде ойнауыңызға болады.

Бұл – Мейірхан, Махмұд және Лесбек есімді үш достың еңбегі. Олар осыдан бір ай бұрын инновациялық жобасын жарыққа шығарып, отандық IT-салаға соны серпін әкелді. Яғни университет қабырғасында оқып жүріп-ақ, тырнақалды туындысын таныстырды.

Лесбек Шағи, студент:

– Қазір PlayMarket-ке кіріп, тоғызқұмалақ деп терсеңіз, біздің ойынымыз бірінші шығады. Мыңнан аса қолданушысы бар. Көзге түсетін бір ерекшелік бар. Ол – ойын дизайндары. Мысалы, суасты стилі бар. Минималды стиль бар және классикалық. Яғни қазақтың дәстүрлі стилінде.

Тоғызқұмалақ адамның ой-өрісін, ойлау-қабілетін дамытуға келгенде шахматтан бір мысқал кем түспейді. Осыны ескерген жас достардың ұстазы ұлттық ойынды ұлықтау керектігін айтып, өресі биік өрендерді бағалы бастама жолында ұйыстыра білді. Ендігі кезекте тоғызқұмалақ Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» әңгімесі негізінде жасалатын компьютерлік ойынның бір бөлігіне айналмақ. Бұл іске студенттер басқа замандастарын да жұмылдыруды жоспарлап отыр.

Мейірхан Есеев, студент:

– Екіншісі – бөлек жоба. Бірақ ол жобаның ішінде үлкенірек болып келеді. Біздің тоғызқұмалақты соның ішіне мини ойын сияқты қоспақшы. Лесбек ойынның графикасын жасады. Мен оның Android пен iOSа орнықтыру туралы жасадым. Ал Махмұд машина үйрету элементтерін қосып, деңгейлерін жасады.

Махмұд Ғалы, студент:

Адам мен адам ойнауыңыз мүмкін. Бірақ сол екінші қарсылас табылмауы мүмкін. Соған байланысты сізге жасанды интеллект болу керек. Оның төрт түрлі деңгейін қарастырдық. Біріншісі ол мүлдем ойнай алмайтын адам. Ойнай алмайтын адамға жеңіл болады. Яғни ойынға кірісіп кету үшін оңай болады. Екінші деңгей қиындау.

Ізденімпаз жастар Ұлыстың ұлы күнінде таныстырған бұл еңбегімен шектеліп қалмақ емес. Алға қойған арман-мақсаты да ауқымды. Таяуда ғана олар қала әкімдігі ұйымдастырған инновациялық жобалар байқауында жеңіске жетіп, жолаушылар тасымалына арналған жаңа идеясын жүзеге асыруға кірісті. Демек алдағы уақытта үлгі болар үш достың есімі тағы бір тағлымды туындымен таныла түспек.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 әлеуметтік желілерде