361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздегі колледждерге қолданбалы бакалавриат бағдарламасы енгізіледі

  • 956

Еліміздегі колледждерге бұдан былай қолданбалы бакалавриат деген түсінік енгізіледі.

Яғни енді бакалавр атану үшін жоғары оқу орындарын жағалаудың қажеті жоқ. Дәл сондай білім мен біліктілікті қарапайым колледждерден-ақ алуға болады.

Білім дәрежесіне қатысты әлемде әуелден қалыптасқан 8 көрсеткіш бар. Яғни қарапайым мектептегі, орта мектептегі білімнен бастап, аспиранттық оқу деңгейіне дейінгі аралық. Солардың арасында қолданбалы бакалавриат 5-сатыда тұруы керек. Яғни ол – кәсіптік білімнен сәл жоғары, ал академиялық бакалаврдан сәл төмен тұратын деңгей. Бірақ, өкінішке қарай, бұл ұғым біздің елде бұрын-соңды болмады. Мамандар қазір осы олқылықтың орнын толтыруға білек сыбана кірісті.

Қолданбалы бакалавриат бойынша студенттер колледже 3-4 жыл оқиды. Осы аралықта білімі мен біліктілігі жоғары жұмысшы мамандығын алады әрі институттар мен университтерді жағалаудың қажеті болмайды. Бұл тәжірибе Кәрі құрлық елдерінде кеңінен тараған. ТМД аясында Ресейде ғана бар. Осы көштен қалмау үшін Қазақстан да қолданысқа енгізгелі жатыр. Отандық колледжерге оқу бағдарламаларымен дайындаумен айналысатын «Кәсіпқор» холдингі мамандары тың бастама төңірегінде 2 жылдай еңбектенген.

Нұрғали Аршабеков, «Кәсіпқор» холдингі КЕАҚ басқарма төрағасы:

– Бұл бағдарламалардың негізін біз 2016 жылдан бастап дайындаған болатынбыз.. Методологияны дайындау кезінде біз оған жұмыс берушілерді тарттық, жоғарғы оқу орны өкілдерін, сонымен қатар колледждерді. Себебі ол – үшжақты еңбектің арқасында шығатын дүние.

Қолданбалы бакалавриаттың академиялық бакалавриаттан басты ерекшелігі де осында. Яғни алғашқысы ғылымға терең бойлауға негізделсе, соңғысы таза нарықтың сұранысына бағытталып, тәжірибеге көбірек мән береді. Сондықтан оны жүзеге асыруға бірнеше тараптың қатысуы заңдылық. «Кәсіпқор» холдингінің бастамасын ең алғаш болып, Астанадағы Көлік және коммуникация колледжі қолға алды. Енді осы оқу ордасы алдағы қыркүйектен бастап қолданбалы бакалавриат бойынша 3 түрлі мамандар дайындайды.

Лариса Матвеева, Көлік және коммуникация колледжі директорының орынбасары:

– Қолданбалы бакалавриат бағдарламасы біздің елге аса қажет. Өйткені қазіргі заманда технология мен инновация күн санап жаңарып жатыр. Ал колледждер соған сәйкес маман даярлау керек. Осыған орай біз 3 мамандық бойынша оқытуды бастауға әзірміз. Болашақта оның саны көбейе береді.

Бастама толық жүзеге асу үшін заңға да бірқатар өзгеріс енгізілуі керек. Өйткені колледж бітірген маманның дипломында қолданбалы бакалавриат екені көрсетілуі тиіс. Ерекше ескерер басқа да тетіктер бар. Сондықтан жауапты мамандар алдағы оқу жылына дейін барлығы реттеліп, бастама сәтті жүзеге асады деген үмітте.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ерлан Наурызбаев, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы