359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Интернетке қосылған Қарқаралы мектептерінің ұстаздары қағазбастылықтан арылды

  • 238

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы ауыл тұрғындары енді электронды журнал арқылы балаларының сабақ үлгерімін үйде отырып-ақ, қадағалай алады.

Сондай-ақ шалғайдағы шағын елді мекендердегі мұғалім тапшылығы да қазір интернет арқылы шешіліп отыр. Қазір мұндағы білім ошақтарының барлығы түгелдей кеңжолақты ғаламтор желісіне қосылған.

Матақ ауылындағы №15 орта мектепте электронды журнал пайда болғалы мұғалімдер қағазбастылықтан арылып, жұмысы жеңілдеген. Таңертең сабағын беріп, түстен кейін үй тапсырмаларын арнайы бағдарламаға жүктейді.

Роза Отарбаева, Матақ ауылындағы №15 орта мектептің директоры:

– Елбасымыздың «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында біздің мектеп толыққанды интернет жүйесіне қосылды. Қазіргі кезде екінші жартыжылдықтан бастап мұғалімдеріміз мектептің электронды журналға көшіп, осы журнал бойынша жұмыс жасап жатыр. Өте тиімді, қағазбастылықтан кішкене болса да арылдық.

Ауылдың қым-қуат тірлігінен қолы босай бермейтін Айгүл Көпежанова енді балаларының оқу үлгерімін, мектептегі тәртібін үйде отырып-ақ, қадағалай алады. Бұған қоса сабақта не оқығанын және үйге қандай тапсырма берілгенін де интернет арқылы біліп отырады.

Айгүл Көпежанова, Матақ ауылының тұрғыны:

Үй тапсырмаларын аламыз. Күнделікке жазылмай қалған үй тапсырмалары осында тұрады міндетті түрде. Электронды журналда түгел бағалар да болады екен. Әр пәннен берілген үй тапсырмалары да тұрады. Қиналмай содан қарап аламыз.

Ал Көктас ауылындағы орта мектеп интернет келгелі ресурстық орталыққа айналды. Қазір мұнда бала саны 250-ден асады, мұғалім де жеткілікті. Олар көршілес жатқан 4 бірдей ауылдың оқушыларына интернет арқылы дәріс береді. Себебі ол жақта мамандар тапшы. Келешекте сабақты онлайн жүйесінде өткізуді жоспарлап отыр. Оған ғаламтордың жылдамдығы мүмкіндік береді дейді директор.

Даниял Тұрсынбаев, Көктас ауылындағы №4 орта мектептің директоры:

Сол мектептің электронды поштасына біз тапсырманы саламыз. Ол жақтағы мұғалімдер алып, оқушыларға таратып береді. Олар тапсырмаларды орындап, кейін жібереді. Сонда екі ортаға жүгіріп жүрудің керегі жоқ, маман жоғын осындай жолмен жауып отырамыз.

Қазір Қарқаралы ауданындағы 41 мектептің барлығына кеңжолақты интернет желісі тартылған. 14 мектепте робототехника сыныптары ашылыпты. Қазір шалғай ауылдағы білім ошақтарын қосымша компьютермен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асаинов

Хабар 24 телеарнасы