USD 342,73

EUR 403,00

РУБ 5.50

Лондонда білім алып жатқан қазақстандық жас ғалымдар ғылыми форумда бас қосты

  • 357
Лондонда білім алып жатқан қазақстандық жас ғалымдар ғылыми форумда бас қосты

Лондонда британиялық оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық жас ғалымдар Орталық Азия бойынша ғылыми форумда бесінші рет бас қосып, бұл жолы ғылымдағы іргелі және қолданбалы мәселелерді талқылады.

Олар сондай-ақ өзекті сұрақтарды шешуге бағытталған ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін көпшілік назарына ұсынды.

Жыл сайынғы кездесулердің мақсаты – қазақстандық және орталықазиялық магистранттар, докторанттар және ғылыми қызметкерлерге орта қалыптастырып, өзекжарды мәселелерді талқылауға, идеяларымен бөлісуге жағдай жасау және ең маңыздысы қызығушылықтары ортақ адамдармен байланыс орнату.

Біріккен Корольдіктегі қазақстандық докторант-студенттер қауымдастығы ұйымдастырған ғылыми форум биыл «Тұрақты болашақ үшін бірлескен жұмыс» деген атаумен өтті. Форум сессиялары аясында жас ғалымдар энергетика, химия, электронды техника, биология, гидрология және заң саласы бойынша баяндамалар жасап, өз жұмыстарын көрсетті. Айбек Смағұл остеоартроз ауруы кезіндегі тізе буын шеміршегінің молекулалық-биологиялық ерекшеліктерін зерттеумен айналысады. Ол ағзаның биологиялық ерекшеліктерін салыстыра отырып және ауру тудырушы механизмдерді түсіну арқылы остеоартроздың алдын алу әдістері мен емдеу тәсілдерін жетілдіргісі келеді.

Айбек Смағұл, Ливерпуль университетінің докторанты:

– Бұл зерттеуімді ары қарай жалғастырмақ ойым бар. Сонымен бірге өз тәжірибеммен қазақстандық ғалымдармен бөліскім келеді.

Тағы бір қазақстандық Мұхит Құлмағанбетовтың зерттеуі емі жоқ және зағиптыққа алып келетін көз ауруы глаукоманың ерте диагностикасына бағытталған. Ол глаукоманы мерзімінен бұрын анықтап, соқырлықтың алдын алуға көмектесетін құрылғы ойлап табу жолында еңбектеніп жатыр. Форумда сондай-ақ «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының өкілі, Империал колледжі және Кембридж университетінің ғалымдары да баяндама жасады.

Джеф Хейуорд, Кембридж университетінің деканы:

– Мен осында келіп, көптеген өте білімді қазақстандық жастарды көргеніме өте қуаныштымын. Ақылды адамдарды шетелге жіберіп отыру маңызды деп есептеймін. Олар көп тәжірибе жинап, халықаралық ғылыми қауымдастықтың құрамдас бөлігіне айналады.

Әлия Сембаева, Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар ассоциациясының жетекшісі:

– Өткен жылдардағы форумдар көбірек білімге бағытталды. Биыл оны зерттеулерге арнап отырмыз. Келер жылы бұл форумды одан ары кеңейтпек ойымыз бар.

Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар қауымдастығының құрамында 58 PhD студент бар. Олардың басым көпшілігі ел экономикасы үшін аса маңызды техникалық мамандықтар бойынша білім алады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 әлеуметтік желілерде