USD 326.52

EUR 400.80

РУБ 5.32

Ақмола облысының оқушылары робот құрастырудан жарысты

Ақмола облысының оқушылары робот құрастырудан жарысты

Ақмола облысында 2 мыңнан астам бала робот құрастырумен айналысады. Аймақ мектептерінде қазір 119 робототехника кабинеті бар.

Осылайша оқушылар арасында аталған сала жақсы дамып келеді. Өңірде жыл сайын робот құрастырушылардың арнайы конкурстары өткізіліп тұрады. Сондай кезекті сайыстардың бірі АQMOLA ROBOTICS CHALLENGE. Оған облыс көлемінен 180 бала қатысып, құлтемірлерімен күш сынасты.

Бұл байқау облыстық деңгейде биыл екінші жыл ұйымдастырылып отыр. Қатысушылардың қатары да осы жолы көбейген. Туындылары да түрленіп келеді. Балалардың жас деңгейі мен біліктіліктері де әр түрлі. Қаншама құлтемірлерді құрастырып тастаған тәжірибелі оқушылардан бастап, бұл саланы енді ғана меңгеріп жүргендері де бар.

Мәлика Жаманбаева, қатысушы:

- Мен көбінесе бұл робототехника ұлдарға керек, ұлдар оған қатысады деп ойлайтынмын. Бірақ былайша айтқанда мен оған үйренген жоқпын. Ұлдар қайта қатысады. Егер ол интеллектуалды сайыс болса, сонда қатысқым келеді. Осы екінші облыстық робототехникаға келіп тұрған мен жалғыз қызбын.  

Құлтемір құрастыру ісі қазір қала мектептерінде ғана емес, аудан, ауылдардағы білім ошақтарында да кең қанат жайып келеді. Бүгінгі сайысқа қатысып отырған жалғыз қыз бала Мәлика Жаманбаева, Қорғалжын ауылынан келіп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, енді мұндай сайыстар жиі өткізіліп тұрмақ.

Рүстем Құлниязов, Аймақтық жаңа технологиялар орталығы директорының орынбасары:

- Осындай балаларды әрі қарай дамыту үшін осындай ауқымды конкурстар өткіземіз. Осындай конкурстарда болашақ мамандар ретінде дайындаймыз. Машина құрастыру демекші. Осындай конкурстар арқылы біз балалардың техникалық мүмкіншіліктерін дамытамыз. 

Көкшетаудағы робототехника клубында қазір 160 бала құлтемір құрастырудың қыр-сырын меңгеріп жүр. Мұндағы мұғалімдердің сөзіне сенсек, соңғы жылдары балалар арасында темірге жан бітіруге деген қызығушылық күрт өскен.  

Динара Жанәділова, робототехника клубының директоры:

- Біз клубқа 4 жастан бастап 17 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймыз. Әсіресе бүлдіршіндердің қызығушылығы айрықша. Бәрін білгісі келеді, роботты зерттеуге ұмтылады. Дәл осы құлшыныстары есейгенде де сақталып қалса, олардан мықты робототехниктер шығады. 

Робототехникадан сабақ беретін мұғалімдерді дайындау жағы да күн тәртібінен түскен емес. 2016-2017 жылдары аймақта бас-аяғы 200-ден астам информатика пәнінің мұғалімдері құлтемір құрастыру ісінің оқу курсынан өтіпті.  

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 әлеуметтік желілерде