352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада тіл мамандары латын әліпбиінің біліктілік курстарынан өтіп жатыр

  • 377

Қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына көшіру ісі үш кезеңді қамтиды.

Алғашқысында жалпы дайындық және дұрыс жазу ережелері мен нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілетіні белгілі. Биыл басталған бұл іс-шаралар 2020 жылға дейін атқарылады. Десе де қазірдің өзінде жобаны жүзеге асыру мақсатында тіл мамандарының ашық біліктілік курстары өтіп жатыр.

Латын графикасына негізделген әліпби қазақ тілі пәні мұғалімдері арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Соңғы нұсқаға қатысты ұстаздар қауымының айтары көп. Сондықтан тіл мамандарының бас қосып, ұлттық жобаның олқы тұстарын ортаға салуы қалыпты жағдай.

Бір дыбысқа бір таңба деген принципті алатын болсақ егер ғылыми жүйеленбеген ғылыми принциптерге сүйену керек шығар. Бірақ бір дыбысқа бір таңбаны әсіресе У менен Ы екеуінің сәйкес келмейтін дыбыстарды бір таңбамен белгілеп, тек дәйекше арқылы ажырата қою деген кішкене әзірге көндіге алмай жатырмыз.

Бүгінгі жиында мұғалімдердің әдістемелік-практикалық дайындықтарын жетілдіруге қатысты пікір алмасулар болды. Латын графикасына көшу әріп ауыстырудан ғана тұрмайды. Жаңа нұсқаның әдістемесі қандай болу керек, оқулығы қалай жазылады? Бұл мәселелер отырыста ашық талқыға түсті. Мұғалімдер бір сәтке оқытушыдан оқушыға айналып, жаңа нұсқаның қыр-сырына үңілді. Кем-кетігін түгендеді. Өз пайымдарын айтты. 

Әлімхан Жүнісбек, А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері:  

- Бүгінгі тақырып алдымен төл сөздеріміздің жазылуы, оның құрамындағы дыбыстардың саны қалай болу керек сол өз алдына әңгіме болды. Екінші жағы кірме сөздерді қалай жазамыз. Сол күйінше аламыз ба? Әлгі Еуропа үлгісінде немесе орыс үлгісінде, әлде тілімізге сындырып пайдаланамыз ба деген мәселенің төңірегінде болды. Бұл енді басталып жатқан нәрсе ғой. Сондықтан нәтижесі мынау, шешімі мынау деп айта қоюға қиын. 

Жаңа нұсқадағы әліпбиді оқыту қазақ тілі пәні мұғалімдерінің мойынына артылған ауыр жүк. Әсіресе орта мектеп ұстаздары сауатты болғаны жөн. Сондықтан Астана қалалық әкімшілігінің бастамасымен біліктілік курсы ашылып, тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері орта және жоғарғы оқу орындарының ұстаздарына бағыт-бағдар беруді бастап кетті.   

Ермек Аманшаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

- Бұл жоба ары қарай жалғасады. Мысалы, бүгінгі курсқа қатысып отырған ұстаздарымыздан кейін жаңа легі келеді. Сөйтіп жылдың аяғына дейін жалпы алдағы жылдары осындай жүйелі түрде ғалымдарымыздың таныстыру жұмыстары жүзеге асып отырады. 

Ертең ұлттың сауатты болып қалыптасуы осы мұғалімдердің білім-біліктілігіне байланысты. Тіл ұстарту - жедел іске асатын жоба емес. Мамандар желтоқсан айына дейін жаңа әліпбидің емле ережелері дайын болатынын айтады.

Хабар 24 телеарнасы