USD 341.08

EUR 394.60

РУБ 5.34

Талдықорғандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 18 мұғалімі Bottisham Village College-де тағылымдамадан өтті

Талдықорғандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 18 мұғалімі Bottisham Village College-де тағылымдамадан өтті

Астана экономикалық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаһанның 5 маңызды мегатрендтері қатарына әлемдік еңбек нарығының трансформациясын қосты.

Қазіргі таңда білім беруде шығармашылық ойлау қабілетін қалыптастыру, қажетті ақпаратты тауып, мақсатты түрде пайдалануға мүмкіндік беру тәжірибесінен өту өте маңызды деді ол.

Bottisham Village College – 80 жылдық тарихы бар орта мектеп. Ол Ұлыбританияның Кембридж графтығында орналасқан. Мұнда 11-16 жас аралығындағы оқушылар білім алады. Мектептің ұраны – шабыт, қамқорлық және рухани баю арқылы жетістікке жету. Оқушылардың пайымдауынша, орта оқу орны шынымен де оларды рухтандырып, дамуына ықпал етеді әрі табысты болуға үйретеді.

Скарлет Бейли, Bottisham Village College оқушысы:

– Біз соңғы екі сағат көлемінде шоколад қосылған бәліш пісірдік. Мен болашақ кәсібімді әлі таңдағам жоқ, бірақ бизнеспен айналысқым келеді. Күні бойы бізде неше түрлі сабақтар өтеді. Олардың көп бөлігін тәжірибелік дәрістер құрайды. Маған әсіресе математика ұнайды. Біз бірнеше топқа бөлініп, жұптарымызды ауыстырып отырамыз. Есептердің шешімін әртүрлі адамдармен табамыз.

Мектептің нақты ұстанымы бар. Ол – оқушының бойында тұлғалық қасиеттерін айқындайтын жасампаздық, рефлексивтік, өзін-өзі басқару және топта жұмыс істей алу сияқты ерекшеліктерін дамыту. Bottisham Village College колледжіндегілер жылдам дамыған ғылыми-техникалық прогрестің қойып отырған талаптары өте орынды дейді. Яғни бүгінгі заманның адамы бірнеше мамандықты игеруге және «Өмір бойы білім алу» қағидасын ұстануға дайын болуы керек. Бұл қасиеттер ойлау жасампаздығы қалыптасқан тұлғалар тәрбиелеу үшін Қазақстанда да өте маңызды.

Дженни Ренкин, Bottisham Village College директоры:

Британиялық «Супермектеп» және Кембридж университеттері қазақстандық керемет жобаға тартылды. Біз көшбасшылық, мектепішілік оқуды жетілдіру және бұл бастамаларда тәжірибелік ізденулердің қалайша көмектесендігін зерттедік. Соңғы 4 жыл бойына біз Назарбаев Зияткерлік мектептерімен тағылымдама бағдарламасын жүзеге асырдық. Олар қазақстандық мұғалімдердің қандай жетістіктерге жеткендігін көрсетіп отыр.

Сәуле Өмірбекова, Талдықорған қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры:

– Бұл әріптестіктің негізі – мұғалімдерге өз тәжірибесін зерттеуді үйрету. Алғашқы жылдары британиялықтардың айтып жатқандары негізсіз және оқыту процесіне ешқандай қатысы жоқ көрінетін. Бірақ қазір тәжірибені зерттеу және жетілдіру арқылы мұғалімнің ата-ана және оқушымен күнделікті жұмыста өз артықшылықтары мен кемшіліктерін қаншалықты сараптай алатындығын біле аламыз. Өйткені тәжірибені бүгін сараптай отырып, болашақта табысқа кенелу әбден мүмкін.

Бүгінгі таңда Талдықорған қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 18 мұғалімі Bottisham Village College-інде тағылымдамадан өтті. Бұл уақыт ішінде олар оқушылармен және ата-аналармен жаңаша жұмыс істеуді үйренді. Шынымен де бүгінгі күннің кәсіпорындары жаһандық сын-тегеуріндерге жауап беру үшін білікті кадрлерді жұмысқа тартуға тырысады. Ал ондай мамандарды дайындауға қабілетті болу үшін қазақстандық оқу орындары ең бастысы білім саласын жаңғырту керектігін жақсы түсінеді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 әлеуметтік желілерде