USD 338.78

EUR 388.90

РУБ 5.38

Маңғыстау облысында ҰБТ тапсыратын мектеп түлектерінің қатары артты

Маңғыстау облысында ҰБТ тапсыратын мектеп түлектерінің қатары артты

Маңғыстау облысында 5611 мектеп бітіруші түлектің 75 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға көп. Ұлттық тестілеуге өтініш білдіргендер санының артуына осы жылы мемлекеттік грант көлемінің өсуі себеп. Сондай-ақ биылғы мектеп түлектеріне облыс әкімі 75 грант бөлмек. 

Ақтаудағы ең алғаш ашылған орта мектепте соңғы қоңырау 50-рет соғылды. Жарты ғасырда 3 мыңнан астам түлекті ұшырған білім ордасын биыл 27 оқушы аяқтағалы отыр. Араларында республикалық ғылыми жобалар байқауы мен білім олимпиадаларының жеңімпаздары бар.

Аружан Әбішева, №3 мектептің 11 сынып оқушысы:

- Бүгін мектебіміз 50 жылдық тойын тойлап жатыр. Демек, біз де 50-ші түлекпіз. Барлық түлектерге сәттілік тілеймін, ақ жол тілеймін! Ұстаздарымның арқасында мен облыс әкімінің грантына ие болдым. Ол үшін өте қуаныштымын. Бұйырса Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университеті мені құшақ жая қарсы алады деген үміттемін.

Оқушылар үшін алда үлкен сынақ тұр. Мемлекеттік бітіру емтиханын тапсырып болған соң, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Жоғары оқу орныдарына түсу емтиханы 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Биыл облыста ұлттық тестілеуге қатысуға 4167 бала өтініш білдірген. Білім басқармасы басшыларының айтуынша, тест тапсыратын пункттердің барлығы дайын. Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Бейнеу және Маңғыстау аудандарындағы бөлімшелер тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Нұрлыбек Қойжанов, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Жалпы алдыңғы жылдармен салыстырғанда соңғы 2 жылда ҰБТ-ның форматы өзгергеннен бері ұлттық тестілеуге қатысушылардың саны өсіп отыр. Мысалы, бұған дейін 65 пайызға дейін көрсеткіш болса, осы жылы 76-75 пайыздың үстінде қатысуға өтініш білдіріп отыр.

Биылғы түлектер үшін мемлекеттік грантты жеңіп алуға мүмкіндік көп. Бекітілген 54 мың грант Елбасы Жарлығымен тағы 20 мыңға көбейтілді. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға арналған. Мемлекеттік гранттан бөлек өңірге қажетті маман даярлау мақсатында облыс әкімінің де арнайы гранты берілмек. Еліміздің жоғары оқу орындарына  50 бакалавр мен 25 магистратура гранты тағайындалды. 

Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 әлеуметтік желілерде