USD 344,58

EUR 401,20

РУБ 5.50

ҰБТ-2018: Маңғыстау облысында 4167 түлек сынақ тапсыруға өтініш білдірген

ҰБТ-2018: Маңғыстау облысында 4167 түлек сынақ тапсыруға өтініш білдірген

Маңғыстау облысында ұлттық бірыңғай тестілеу басталды.

Биыл мектеп бітірген 5611 оқушының 4167-сі сынақ тапсыруға өтініш білдірген. Санаулы минуттардан соң жас түлектің 11 жыл жиған білімі Ақтаудағы мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде сарапқа салынбақ.

Талғат Исламұлы, Twitter@Talkin_84

– Университет ғимаратының іші-сыртына ұялы байланыс желісін ажырату құралдары орнатылған. Яғни аздан соң 9 аудиторияға кіретін түлектердің алаңдамай, зейінін тестілеу сұрақтарына бұруына жағдай жасалған. Биылғы ҰБТ облыс бойынша маусымның 21-27 күндері өтеді. Бұл үшін біз тұрған оқу орынынан бөлек Маңғыстау, Бейнеу аудандары мен Жаңаөзенде тест қабылдау орындары жасақталған.

Клара Құлатаева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

– Әр түлек 3 сағат 50 минутта тест сұрақтарына толық жауап беріп үлгеруі керек. ҰБТ өтетін барлық ғимаратта ұялы байланыс желісін ажырату құралдары орнатылған. Бейнеу ауданы Күйкен мектебіндегі тест алу орнын 4G бейнебақылау және онлайн-көрсетілім құралдарымен қамтуға 1,5 млн, Жаңаөзендегі мектепті дайындауға 2,5 млн теңге, Маңғыстау ауданындағы мектепке 2 млн-ға жуық қаржы жұмсалды. Ата-аналар камералар орнатылған тест залын арнайы бөлмедегі үлкен экраннан көріп отырады. Сондай-ақ шалғай ауыл балаларын тестілеу орындарына жеткізу, тамақтандыруға жергілікті бюджеттен 6,8 млн теңге бөлініп отыр.

Өткен жылдары тестілеу нәтижелері ақ парақтарға жазылып, арнайы тақташаларға ілініп қойылатын. Биылдан бастап әр түлек тапсырған сынақ қорытындысын сәл кейіндеу Telegram-бот@edu.gov.kz немесе edu.mail.kz сайтына кіру арқылы көре алады. Бұл үшін тест тапсырушыға берілетін жеке кодты енгізу қажет. Сондай-ақ тест бағаларын Ұлттық тестілеу орталығы сайтынан да білуге болады.

Хабар 24 әлеуметтік желілерде