352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҰБТ-да ең жоғары балл жинаған түлек арманымен бөлісті

  • 399

Алматылық түлек Шиара Құдайбергенова Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары көрсеткіш 140 балл жинады.

Бұл былтырдан бері жаңа форматта өтіп жатқан тестілеудегі ең алғашқы жоғары көрсеткіш.

Шиара Құдайбергенова Алматыдағы №123 мектеп-гимназияның түлегі. География-математика пәндерін таңдаған ол, 9-сыныптан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуге мақсатты түрде дайындалған. Соңғы дайындық барысында 136 ұпай жинапты. Үш тілде білім алған түлектің арманы да асқақ.

Шиара Құдайбергенова, түлек:

- Мен жоғары оқу орындарының ішінде Назарбаев Университетіне тапсырғым келеді. Және сол жерде логист мамандығы бойынша білім алғым келеді. Қазақстан елінің экономикасын көркейтуге өзімнің уәдемді беремін. Еліміздің беделді де білікті азаматшасы болғым келеді.

Биыл Алматы қаласы бойынша 9030 оқушы мектеп бітірді. Олардың 7635-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Қала бойынша орташа балл 101,2. Бұл жақсы көрсеткіш екен. Айта кетейік, биыл кейбір түлектер ағылшын тілінде тест тапсыруды таңдапты.    

Гүлнәр Қожабергенова, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Биылғы жылы өздеріңізге мәлім, мектеп бітірушілер қазақ және орыс тілінде ғана емес, ағылшын тілінде де тапсыруға мүмкіндік болды. Алматы қаласы бойынша 5 түлек тапсырды.  Олар негізінен жекеменшік мектепте білім алып жатқан балалар. Орташа балдары 80-90 айналасында болды. Бұл да жақсы жетістік деп ойлаймыз.

Ұлттық бірыңғай тестілеу елімізде 1 шілдеге дейін жалғасады. Сынақтан шекті балды жинай алмаған түлектер тамыз айында кешенді тест тапсыра алады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Серік Бақбаев

Хабар 24 телеарнасы