352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан мен Әзербайжан ЖОО-лары арасында ынтымақтастық артады

  • 147

Қазақстанның жоғары оқу орындары Әзербайжан университеттерімен арадағы әріптестік аясын кеңейтпек ниетте.

Бұл байланыс студенттер мен оқытушылар алмасу және ортақ білім беру жобаларын жүзеге асыруға бағытталған.

Соңғы бірнеше ай бойы Қазақстан мен Әзербайжан ЖОО-лары өзара іс-қимыл жөніндегі бірнеше меморандумдар мен келіссөздерге қол қойды. Ресми статистикаға сәйкес, 2016-17 оқу жылдары Әзербайжан университеттерінде 50 Қазақстан азаматы білім алса, отандық ЖОО-да әзербайжандық 160 студент білім алған. Айта кетерлігі, ЖОО өндірістік, мұнай-газ, теңізде жүзу, кеме жасау секілді техникалық білім беру салаларына көп көңіл бөліп келеді.

Зафар Курбанов, Баку мұнай жоғары мектебінің деканы:

- Біз Қазақстан-Британ техникалық университетімен бірге келіссөзге қол қойдық. Бұл құжат бұдан былай екі оқу орны ортақ ғылыми зерттеулер мен мәдени шаралар өткізеді дегенді білдіреді. Бұдан бөлек меморандумда оқытушылар мен студенттер алмасу жөні де жазылған. Сол аралықта қос оқу орны оқу бағдарламаларын да бірігіп даярлайтын болады. Біз Қазақстанның өзге де ЖОО-ларымен бірге ынтымақтастық орнатамыз деп жоспарлап отырмыз.

Көптеген оқу орындарында сабақ ағылшын тілінде өтеді. Жалпы, мұндай құбылыс екі елдің көптеген ЖОО-ларына тән. Қос елдің жетекші университеттері бұрыннан тиімді ынтымақтастыққа қол жеткізсе, техникалық салаға қатысты білім байланысы енді ғана қолға алынып жатыр. 

Фатима Дурсунова, Баку мемлекеттік университетінің доценті:

- Баку мемлекеттік университеті Қазақстан университеттерімен бұрыннан ынтымақтастық орнатқан. Сонымен қатар біз Қазақстанның аймақтағы университеттерімен де әріптестік байланыс орнаттық. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен Есенов атындағы инженерлік-технологиялық университет те ынтымақтастық келісіміне қол қойды.

Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университетпен әріптестік аясында Баку университетінде тіл мамандары қазақ шығармаларын әзербайжан тіліне аударып, шығармашылық кеш өткізетін Абай атындағы қазақ мәдениетінің орталығы ашылған. Орталық Мағжан Жұмабаевтың өлеңдер жинағы мен Мұхтар Әуезовтың «Абай» романын жарыққа шығаруды жоспарлап отыр. 

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы