361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҰБТ-2018: 139 балл жинаған түркістандық оқушы тестілеуге 9-сыныптан дайындалған

  • 732

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны Ақерке Тастан Ұлттық бірыңғай тестілеуден 139 балл жинады.

Ол – Панфилов атындағы №16 жалпы орта мектептің түлегі. Ақеркенің бұл жетістігін облыс бойынша тестілеуге қатысқан ешбір оқушы қайталай алған жоқ. Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Әбдуалиев Ақеркені ата-анасымен жеке қабылдап, ноутбук сыйлады.

Ақерке Тастан Ұлттық бірыңғай тестілеуге 9 сыныптан бастап дайындалған екен. «Жазғы 3 айлық демалыста қажетті оқулықтарды сатып алып, кітаптан бас алмадым», – дейді талапты қыз. Сол тынымсыз еңбегінің арқасында білім бәйгесінде топ жарды. Мектеп бітірушілердің 11 жылдық білімі мен білігі сыналатын сында суырылып алға шықты. Өзіне өте сенімді бойжеткен бұл жетістігін місе тұтып отырған жоқ. 

Ақерке Тастан, түлек:

– Негізі мен 140 балл аламын деп кіргенмін. Ешкім кедергі жасаған жоқ. Өзім ғана отырып тапсырғандай болдым. Қобалжу болмады. Алдағы жоспарым Алматыдағы С.Асфендияров атындағы мдицина университетіне түскім келеді.

Талабы таудай Ақерке білім алған мектепте биыл 64 оқушы мектеп бітірген. Оның 56-сы ұлттық бірыңғай тестілуге қатысып, өз бақтарын сынаған. 8 оқушы Алтын белгіге үміткер болыпты.

Ақмаржан Тілеубаева, Панфилов атындағы №16 жалпы орта мектеп директоры:

– Ақерке Тастан 139 баллды алды. Одан кейін Аяжан Рахимова 135 балл жинаса, Арай Әбдуәлі 131 балл жинап, жетістікке жетті.

Биыл Түркістан облысы бойынша ең жоғарғы 139 балды Сарыағаш ауданы, Панфилов атындағы №16 жалпы орта мектептің түлегі Ақерке Тастан жинады. Одан кейінгі 138 балды 3 оқушы алды. Олар – Шымкент қаласындағы №35 және №23 мектеп-лицейі мен Мақтарал ауданы, облыстық мамандандырылған дарын мектеп-интернатының оқушылары. Айта кетейік, өткен оқу жылында ең жоғары 138 балды 1 оқушы ғана жинаған болатын.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы