359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында 1418 талапкер қайта бақ сынады

  • 120

Осы күндері елімізде 40 мың 718 талапкер қайта бақ сынады.

Олар – Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеуден тиісті балл жинай алмаған жастар. Мәселен, Ақмола облысында бүгін 1400-ден астам талапкер тестілеуге қайта келді.

Көкшетаудағы кешенді тестілеу өтетін ғимараттың алды жастарға лық толы. Таңертеңгі 09:00-де басталатын емтиханға олар сағат 07:00-ден бастап жиналды. Солардың бірі 20 жастағы Тілекбек Бекен – қаладағы колледждердің бірінің түлегі. Енді жоғары оқу орнына түскісі келеді. Арманы – мықты музыкант болу.

Тілекбек Бекен, талапкер:

- Өткен жолы тестілеуде жолым болмай қалды. Енді осы жолы ақылы түрде оқу орнына түсу үшін де тест тапсырады екенбіз. Өткенге қарағанда дайындықпен келіп отырмыз. Қазір кіргенде тестілеудің сұрақтарына байланысты белгілі болады. Көреміз.

Тілекбек секілді үмітін үкілеп келген жастар қаншама. Тіпті, тиісті ұпайды жинау үшін құйтырқы әрекетке жол бергендер де болып жатты. Алайда тәртіп қатал. Кіреберісте мұндайды қатаң қадағалайтын арнайы мамандар мен мемлекеттік және ұйымдастыру комиссиясы тұр. 

Ереже бойынша колледжден кейін кешенді тестілеуді қайта тапсырған талапкер шектік 25 ұпайды, ал мектеп бітірушілері тиісті 50 балды жинауы тиіс. Ал егер осы жолы тағы да бұл нәтижеге қол жеткізе алмаса не болмақ?

Темірхан Жарқынбеков, университет ректорының міндетін атқарушы:

- Бұл жолы өте алмаса, онда еш жаққа оқуға түсе алмайды. Бірақ тағы бұлар шартты түрде қабылданады деген бір жаңалық бар. Семестр бойы ақылы бөлімде оқиды. Сосын 2019 жылдың 25 қаңтарында тағы да осындай қайталау кешенді тестілеуін арнайы өткіземіз. Ол енді қиындау. 

Ал бүгінгі тестілеудің нәтижесі кешкі сағат 18:00 шамасында белгілі болады.

Бір қуантарлығы, алдағы жылдан бастап талапкерлер бүгінгідей әуре-сарсаңға түспейді. Себебі, Білім және ғылым министрлігінің жаңа ережесіне сәйкес, келесі жылы талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеуді тапсырады да, грантқа түскені грантқа түсті. Грантқа ілінбегендері қалаған оқу орнына қанша балл алса да, тіпті, шектік балды жинай алмаса да, ақылы бөлімге еш кедергісіз түсе алады. Яғни бүгінгідей артық қарбалас болмайды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы