352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандылық 60 оқушы еліміздің батыс өңіріне саяхаттап барды

  • 146

Олар оқу озаттары, ерекше ғылыми жоба иелері мен әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары.

Туристік шара «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында ұйымдастырылды. Балғындар өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштермен танысып, киелі орындарды аралап жүр.

Желмая мініп, жерұйық іздеген әйгілі ақын, жырау, философ Асан қайғының ұлы - Абат жорықтан келе жатқанда жазатайым мерт болыпты. Абаттың өлімі туралы ел арасында түрлі аңыз әңгіме көп. Керей мен Жәнібектің кеңесшісі Асан қайғының ұлы Абат Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Талдысай ауылынан 12 шақырым жердегі қорымда жерленген дейді. Қарағанды облысынан саяхаттап келген 60 оқушы осы Абат Байтақ кесенесіне барды. Кесене Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген.

Әлихан Ғабдолла, оқушы:

- Ақтөбенің өнерімен, мәдениетімен, тарихымен танысқаныма, осы кесенеге келіп, мұның бәрін көргеніме қуаныштымын. Бәрі ұнап жатыр, көптеген достар таптық. Осы Ақтөбе жерінде туған Әлия Молдағұлова туралы көп дерек білдік. Осы Абат кесенесіне келіп, жақсы сақталғанын көрдік.

Тарихи ескерткіштің бастапқы биіктігі 16 метр болған. Алайда, ғасырлар өте шөгіп, 1 жарым метрі көміліп қалыпты. Кесененің өзі өңделмеген кірпіштен қаланып, сырты күйдірілген кірпішпен қапталған. Мұндай мазар төрелердің тұқымына арнап салынатын болған. Оқушылар Қобда ауданындағы «Әлия» патриоттық тәрбиелеу орталығына да барды. Батыр атындағы әскери-патриоттық орталықтан адам аяғы үзілмейді. 45 жылдық тарихы бар музейді тамашалауға келетіндер көп. Мұнда аудан тарихынан және Әлияның ерлігінен сыр шертетін 3000 мың жәдігер қойылған.

Әлібек Бейсенбаев, Қарағанды облыстық білім беру басқармасының өкілі:

- Бұл жоабның мақсаты-өлкетану. Тек қана Қазақстанның бір басқа облысын барып көріп, мәдениетімен танысып, оның жергілікті қасиетті жерлеріне барып батыр, ұлы тұлғаларының ескерткіштеріне тағзым ету. Әрине бұл жоба өте қажет, балалардың өз аудандарынан шықпаған балалар бар.  Басқа қаланы көріп, басқа елді мекендермен танысу баланың ой өрісін кеңейтеді.

Елімізде «Қазақстанның киелі жерлерінің георграфиясы» жобасымен мемлекеттік тізім жасалып, оған 100 тарихи-мәдени ексерткіш енген болатын. Ақтөбе өңірінен тізімге  Қобланды батыр мен Абат Байтақ кесенесі, Хан моласы мемориалды кешені мен Есет Тама кесенесі енгізілді. Қазіргі таңда облыста арнайы карта жасалып, туристерді тарту жұмыстары жүріп жатыр. Облыстық бюджеттен 41 млн теңге бөлініп, кесенелердің жан-жағын қоршалып, кіре беріс жол салынды.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы