369.36 436.00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысының Леңгір қаласындағы орта мектеп 60 жыл бойы жөндеу көрмеген

  • 106

Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалды. Ал Түркістан облысында әлі де күрделі жөндеуді қажет ететін білім ошағы бар.

Төлеби ауданының орталығы Леңгір қаласындағы №2 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп салынғалы бері күрделі жөндеу көрмеген. Тіпті бір кездері спорт залының шатырынан су тамшылап, оны ұстаздар өздері жамаған. Ал жергілікті білім бөлімі бұл жайттан хабардар. Ауданда бұдан бөлек әлі 8 мектепті күрделі жөндеуден өткізу қажет.

Аудан орталығындағы бұл мектеппен жапсарлас орналасқан спорт зал Кеңес кезеңінде салынған. Ұстаздардың айтуынша, көктем мен күздің жаңбырлы күндерінде оқушы тұрмақ мұғалімнен де маза кететін көрінеді. Себебі шатырдан тамшылаған су ішке ағады. Жуырда мұғалімдер ғимарат шатырын өз күштерімен жаңалаған. Жаңа оқу жылында спорт залын тағы бір сынап көрмек.

Жамбыл Жалбиев, №2 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебі директорының орынбасары:

- Мектеп жұмысшылары, физкультура пәні мұғалімдерімен ара-арасын жамап жүрген жағдайымыз бар. Мектепке де күрделі жөндеу қажет. Барлық нәрселерін ауыстыру керек. Есік, терезе, шатырларын ауыстыру қажет болып тұр.

Күрделі жөндеу спорт залына ғана емес, осындағы білім ошағына да қажет. Мұндағы құрал-жабдықтардың біразы жарты ғасырдан астам уақыттан бері пайдаланып келеді. Мектепті толық жаңғыртудан өткізу үшін 250 миллион теңгеден астам қаражат қажет. Ал білім бөліміндегілер бұл қаржының бөлінгендігін айтады. Қазір жобалық құжат бекітіліп, сараптамадан өткізілуде. Ал күрделі жөндеу тек келер жылдың еншісіне бұйырмақ.

Бақытғали Жақыпов, Төлеби аудандық білім бөлімінің бас маманы:

- Бұл өте ескі мектеп. Күрделі жөндеу көрмеген. Сондықтан мұның бәрін біле тұра, аудандық білім бөлімінің қатысуымен жоба-сметалық құжаттары жасалынып біткен. Жоспарға №5, №2 мектептерді енгізіп отырмыз. Бұдан басқа тағы 4 мектеп енгізілетін болады. Оның барлығының құжаттамалары осы биыл желтоқсан айына дейін жасалып, бюджеттік комиссияға ұсынылады.

Білім бөлімі бас маманының айтуынша, Төлеби де мұндай 13 ескі мектеп бар. Жаңа оқу жылында оның  төртеуі күрделі жөндеуден  өтіп балаларға есігін айқара ашпақ. Келер жылы тағы 4 мектеп күрделі жөндеуге қойылады. Осылайша аудандағы барлық мектеп түгелімен жаңартылмақ. Ал баласы саны жылдан-жылға артып келе жатқандықтан, жаңа мектептер салу да жоспарда бар.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы