359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Зерендіде өткен республикалық білім лагерінде жастар ерекше жобалар ұсынды

  • 280

Ақмола облысының Зеренді ауданында өткен республикалық жастар білім лагері бүгін өз мәресіне жетті.

15 күнге созылған шара барысында қатысушылар «Дижитал ұрпақ», «Жаңғыру трендтері» және «Бизнес сиқыры» атты тақырыптарда тәлім алды. Сондай-ақ лагерьде жастар 100-ден астам түрлі жоба ұсынған. Алайда олардың ішінен тек ерекше деген 22-сі ғана іріктеп алыныпты.

Астана қаласынан келген 18 жасар Ерәлі Білеш осыдан төрт жыл бұрын аяғынан ауыр жарақат алып, төсек тартып жатып қалған екен. Қоларбадан таяққа, ал, таяқтан жақында ғана аяққа тұрған жігерлі жігітке бұл лагерь шабыт сыйлапты. Ұсынған жобасы іріктеуден өтіп, енді соны тезірек жүзеге асырғысы келетінін айтады.

Ерәлі Білеш, қатысушы:

– Менің жобам – тек отандық өндірушілердің тауарын жарнамалайтын мобильді қосымша жасау. Ол үшін кәсіпкерлер бізге тіркелсе болды. Оның сатып отырған затын жарнамалаумен жастар айналысады. Бұл екі жаққа да тиімді. Жастар ғаламтор арқылы жасаған қызметі үшін ақы алса, өндіруші тауарының тез өтуінен табыс табады. Ал жобаны жүзеге асыруға қаржылай қолдау және кемінде жарты жылдай уақыт керек. 

Жалпы жастардың ұсынып отырған жобалары жан-жақты әрі ерекше. Біреуі спутник арқылы жарнама таратуға болады десе, келесі бірі өз дөңгелегінен өзі қуат алатын электромобиль жасасам дейді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалған ұлттық дүниелерді насихаттайтын айрықша жобалар да жетерлік.

Асхат Оралов, ҚР Қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы комитеті төрағасының м.а:

– «Дижитал ұрпақ» бойынша 6 жоба әзірленді. «Рухани жаңғыру» трендтерінің аясында 9 жоба әзірленді. Ал бизнес сиқыры бойынша қосымша 7 жоба әзірленді. Енді осы жалпы келесі аптадан бастап осы 22 жобаны нақты іске асыру жөнінде біз жұмыстарды жүргіземіз. Оларды іске асыру бойынша біз мүмкіндік жасауға тырысамыз.

Білім лагерінің үш ауысымында еліміздің барлық аймақтарынан 300 бала қатысты. Әр ауысым 5 күннен. Осы аралықта оларға «Цифрландыру», «Рухани жаңғыру» және кәсіпкерлік саласының кіл мықтылары дәріс беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Шыңғыс Қаратай, қатысушы:

– Қазақстанның барлық аймақтарынан жиналған жастардың бизнеске деген көзқарасын, бизнеске деген ойын одан да жоғары деңгейін көтеру, жастарға көмек беру, дұрыс бағыт беру осы жағынан бұл бес күндік лагерь өте керемет біз үшін былай айтады ғой тәжірибе болды. Жаңа нәрсені көп үйрендік.

Лагердің жабылу салтанатында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді. Ал осындай жастар білім лагері енді жыл сайын еліміздің әр өңірінде өтеді деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы