363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада №72 мектеп-лицейдің жаңа оқу ғимараты ашылды

  • 190

Мереке күні қолданысқа берілген білім ошағында алғашқы қоңырау сыңғырлады. Аталған мектептің бірінші сыныбына биыл 500 ден аса бүлдіршін қабылданып отыр.

Ата-ана, ұстаз бен оқушы шат-шадыман. Білім күнінде жаңадан ашылған алтын ұяда алғашқы қоңырау сыңғырлады. Бұл 72-ші мектеп-лицейдің екінші ғимараты. Алғашқысы 1200 орынға шақталса да күні бүгінге дейін ол жерде 2800-ге жуық оқушы білім алып келген. Ал жаңа ғимарат 900 орынға арналыпты. Десе де бұл шаңырақта алдағы уақытта 1700-ге тарта білімпаз оқитын болады.

Бақыт Әбдірахманова, №72 мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Екі мектептің ғимаратында да бірінші, он бірінші сыныптың оқушылары оқытылады. Орыс тілінде оқытылатын сыныптар, қазақ тілінде оқытылатын сыныптар. Әрбір сыныпта оқушылардың өте тығыз орналасуына байланысты жаңа ғимараттың ашылғанына қуаныштымыз. Бұл мектепте өкінішке қарай екі ауысым азайып жатқан жоқ. Дегенмен, бұл ғимаратта енді оқушыларға қосымша сабақтар, үйірмелермен айналысуға мүмкіндік беріледі.

Жаңа оқу ғимаратында Қасымхан Алдабергенұлының тұңғыш шөбересі де білім алады. Аружан есімді бұл бүлдіршін бүгін бірінші сыныпқа қабылданды. 94 жастағы соғыс ардагері шөбересін мектепке апару үшін елордаға Қостанайдан  арнайы келген.

Қасымхан Алдабергенұлы, соғыс ардагері:

- Астанада Жаңа оқу жылының бірінші күні өзімнің шөберемді Аружан атты бірінші сыныпқа әкеліп тұрмын.  Мен қуаныштымын. Мен бақыттымын деп тұрмын. Осының бәрі осыған ғұмыр жеткені, қол жеткені қазіргі біздің тәуелсіздіктің арқасы. Астана осындай бүлдіршін, жастарға тола берсін. Бұлар сол тарыдай болып табалдырығын аттап, таудай болып білім алып осыдан аттанатын болсын, кең өмірге. Мен соны көргім келеді. 

№72 мектеп-лицейдің бірінші сыныбына биыл 500 ден аса бүлдіршін қабылданды. 

 

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы