Елімізде мектептер қалыпты жұмысына ауысып жатыр

Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты 70 мыңдай оқушы мектепке оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін алты облыста үшінші тоқсанның сабақтары дәстүрлі форматта басталды. Оқу ордаларында арақашықтық сақталып, санитарлық талаптарға мән берілді. Ал кеше сайлау бөлімшесінің қызметін атқарған білім нысандары бүгінгі сабақты қашықтан оқыды.

Шымкентте бүгін 9 және 11-сынып оқушыларына мектепке келіп білім алуына рұқсат берілді. Таңсәріден кіреберісте олардың дене қызуы өлшеніп, әлеуметтік арақашықтықты сақтау талаптары ескертілді. Ал сыныпта бір партаға бір оқушыдан отыруы міндет. Ондағы бала саны 15-тен аспауы тиіс. Үшінші тоқсанда мегаполис оқушыларының 70%-і дәстүрлі форматта, ал қалғаны онлайн оқиды.

Жанат Тәжиева, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Жалпы 1 және 4-сынып оқушыларының бүгінгі күні 81% III тоқсанға келіп отыр. Бұл – қуантарлық жағдай. 5-сыныптардың 71%-і қамтылды. Осы уақытқа дейін мектепке әлі келмеген қашықтықтан білім алып келген 9-сынып оқушыларымыздың 91%-і, 11-сынып оқушыларымыздың 93%-і кезекші сыныптарда білім алуға ата-аналардың өтініші негізінде бүгінгі күні сабағын бастап отыр.

Ал Қостанай облысында бүгіннен бастап тағы 48 мектеп оқу үрдісінің дәстүрлі форматына ауысты. Осылайша, 381 білім беру мекемесі үшінші тоқсанды штатты режимде бастады. Бұл шамамен 39 мың бала.

Темірбек Ислямов, Қостанай қалалық №25 жалпы білім беру мектебінің директоры:

- Мектептерде сабақ арасындағы үзіліс әр сынып үшін әртүрлі уақытта белгіленеді. Сабақ ұзақтығы 30 минуттан аспайды. Бұл әлеуметтік арақашықтықты сақтау мақсатында жасалған. Әр кабинетте бір мұғалімнен болады.

Қарағандылық оқушылар үшін бүгін сабақ онлайн режимінде өтті. Себебі күні кеше білім ошақтарының барлығында дерлік сайлау болғандықтан, жаппай зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дауыс беру кабиналары бұзылып, мектеп ұжымы ертеңгі күнге дайындық үстінде. Үшінші тоқсанда облыс бойынша 130 мыңдай оқушы мектепке келеді деген жоспар бар.

Қымбат Оспанова, Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияның директоры:

- Оқушылардың әрқайсысы медициналық бетперде тағып жүреді. Қызу өлшеу құралы таңертең келген бетте жұмысқа енгізіледі. Кезекші сыныптарда міндетті түрде 15 баладан оқытылады. Сырттан алып келген оқушылардың ата-аналары сырттан қайтарылады. Сыныптардағы, парталардағы арақашықтық бір жарым метр арасында сақталынады және кабинетке кірген бетте төсеніш кілемшелер, антисептиктер орнатылған.

Алматы облысында осыған дейін 190 шағын білім ордасы қалыпты жағдайда жұмыс істеген. Енді тағы 171 мектептің қосылуымен ертең 31 мыңнан аса оқушы мектеп партасына отырады. Білім мекемелерін кезең-кезеңімен штатты режимге көшіру бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес жүргізіледі. Мысалы кейбір аудандардың эпидемиологиялық ахуалы көңіл көншітпейді. Осыған байланысты талдықорғандық оқушылардың бірсыпырасы қаңтардың 21-інен кейін мектепке барады.

Асхат Шарапиев, Бас санитар дәрігердің орынбасары:

- Соңғы екі аптада 368 адам бізде. Екі аптаны салыстырсақ, бір деңгейде болып тұр. 0,7%-ке артты. Облыстық көрсеткіштен жоғары аудандар олар – Талдықорған, Панфилов, Ескелді, Көксу, Талғар аудандары.

Оқушыларынан бөлек, бүгіннен бастап колледждер мен университеттердің I курс студенттері де екінші семестрден аралас оқу форматына көшіп отыр.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Нұрбек Байбосын, Ардақ Қабыханов, Шыңғыс Қалиден, Сергей Трахтенберг