Павлодарда оқушылар арасында «Менің үй кітапханам» байқауы жарияланды

Павлодарда оқушылар арасында «Менің үй кітапханам» байқауы жарияланды

«Білімге құштар мектеп» жобасы аясында өтіп жатқан шара үлкен қызығушылыққа ие болып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байқау шартына сәйкес жеткіншектер өз үйлеріндегі кітап сөресімен таныстырып, ұнаған шығармаларынан үзінді оқулары керек. Карантин жағдайында оны бейнетаспаға жазып, әлеуметтік желі арқылы таратады. Жеңімпаздар наурыз айында анықталмақ. Рамазан Төлеген Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің 2-сыныбында оқиды. Оның атасы мен әжесі жинаған кітап қоры 2 мыңнан асады. Үйдегі кітапханада көркем шығармалар, таңдамалы туындылар, шытырман оқиғалар, түрлі энциклопедиялар мен балаларға арналған кітаптардың мол қоры бар. 

Рамазан Төлеген, 2-сынып оқушысы:

– Маған тақпақ оқыған ұнайды. Жерінде бабасының, елінде атасының, көңілде әжесінің, төрінде әкесінің, қолында анасының, жолында ағасының, төсінде даласының мен қазақ баласымын.

Гүлшаш Башарова, қала тұрғыны:

– Балаларға, немерелерімізге мұра болсын, бізден өсиет болсын деген мақсатта жинадық. «Кітапбілім бұлағы» дейді, сондықтан кітап оқыса, балаларымыз білімді болып, ұрпақтан ұрпаққа осы кітаптар қала берсін.