Ақмола облысында жаңадан төрт мектеп тұрғызылады

Ақмола облысында үш ауысымды мектеп мәселесі өзекті. Қазір өңірде оқушы саны шекті нормадан асқан 7 білім ошағы бар. Түйткілді шешу үшін жергілікті билік құрылыс қарқынын үдеткен. Айталық, биыл аймақта жаңадан 4 мектеп бой көтеріп, тағы екі білім ұясының іргесі кеңейтіледі.

Бос тұрған парталар, қаңыраған кабинеттер. Әдетте мұндай көріністі жиі көрмейсіз. №1 мектеп-гимназиясының директоры Гүлвира Әлімова осылай дейді. Өткен ғасырда іргетасы қаланған бұл білім ошағы әу баста 800 оқушыға есептеліпті. Ал қазір  мұнда оқитын бала саны одан екі есе көп.

Гүлвира Әлімова, №1 мектеп-гимназия директоры:

- Жыл санап мектеп табалдырғын аттайтын бала көбейіп келеді. Бастауыш сыныпта қазірдің өзінде 1055 оқушы бар. Әрине біздің мектепті таңдап келетін ата-аналарға алғыс айтамыз.

Жергілікті билік мәселені келесідей шешті. Іргесінен 600 орындық қосымша ғимарат салып жатыр. Құрылысы қызу жүріп жатқан нысанға бөлінген қаржы да қомақты. 850 млн теңге. Жоспар бойынша жаңа әрі жайлы орында 1 және 4-сынып оқушылары білім алады.

Шамиль Сафин, мердігер компания өкілі:

- Құрылысты 2019 жылдың маусым айында бастадық. Бүгінде жоспардың 95 проценті орындалды. Тек ішкі әрлеу жұмыстары қалды. Линолеум төсеп, жиһазды әкеліп жатырмыз. Жаңа білім ошағында 25 оқу кабинеті болады. Сондай-ақ үлкен спорт залы, асхана, 3 компьютерлік бөлме мен би залы қарастырылған.

Мердігер компания нысанды мамыр айына дейін тапсырамыз деп сендірді. Осылайша өңірде үш ауысым кестесімен білім беретін мектеп саны азаяды.

Авторлар: Назерке Тоқжан, Анатолий Полянный