Павлодар облысында оқушылар Наурыз мерекесін онлайн тойлап жатыр

Бір жыл бойы қашықтан білім алған мектеп оқушылары бұл үрдіске бейімделіп қалды. Бүгінде сабақ ғана емес, барлық үйірме онлайнда өтеді. Үшінші тоқсанның екінші жартысында мектепке оралған Май ауданының жеткіншектері Наурыз мейрамын қашықтан тойлауға кірісіп кетті.

- Жамандық әрі кет, әрі кет. Алас, алас

Амангелді Иманов атындағы мектептің «Шабыт» театры соңғы дайындықты пысықтау үстінде. Наурыз мейрамына арналған мерекелік қойылымдарды таспаға түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеулері керек. Аудан мектептері арасында өтіп жатқан онлайн байқаудың шарты сондай.

Гүлсима Ахметова, мектеп директоры:

- Наурыз мейрамы онлайн-форматта өтіп жатыр. Осы қойылымды біз Май ауданының бүлдіршіндеріне ұсынғымыз келіп тұр. Әдетте бізде Наурыз ауылымызда енді ауыл болғаннан кейін міндетті түрде ата-аналармен өтетін. Үлкен бір той болатын. 

Үлкен тойдың ауылы алыстап барады. Балалар күткен Қыдыр ата, киіз үйлер мен наурыз көжеден дәм татқызу дәстүрі сахналық көрініс түрінде ғана көрсетіледі. Бірақ мұның уақытша жағдай екенін оқушылар жақсы біледі. Ал мектеппен арадағы байланыс бір сәтке де үзілмеген.

- Кеттік, бірінші, екінші, үшінші төртіншінің жақсылап дауысын шығарамыз. Тағы.

Оқушыларға домбыра шертуді кәсіби деңгейде үйретіп жүрген Яна Жағыпарованың ұлты орыс. Шәкірттерімнің ынтасы жоғары, ұлттық аспаптарға қызығушылықтары зор дейді ол.

Яна Жағыпарова, музыка пәнінің мұғалімі:

- Пандемия кезінде балалар үйден онлайн форматында нота сауаттылықты үйренді. Енді қазір осы пандемия жағдайы кішкене төмендетілгеннен кейін балалар мектепке келіп, балалармен көзбе-көз дайындалудамыз. Үйірмеге жалпы 50 шақты бала келеді. Қағыстарын үйреніп жүрміз. Оң қол, сол қол қойылымдарын үйреніп жүрміз. Балалардың қызығушылығы өте басым. Осы мектептен ертең үлкен бір күйші балалар шығады деп үміттенемін. 

Жас әртістер «Театрдың таңғажайып әлемі» атты облыстық байқауда жүлделі орынға ие болған. Сахналық киім, музыкалық аспаптармен демеушілер қамтамасыз етті. Олар мектепке домбыра және шахмат кабинетін де сыйға тартқан.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат