Павлодар облысында жаңа оқу жылына дайындық қызды

Павлодар облысында Білім күніне арналған алғашқы қоңырау салтанатына тек бірінші сынып оқушылары қатысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал өзге балалар үшін онлайн форматта сынып сағаттары ұйымдастырылады. Өйткені өңір «қызыл аймақтан» шыға алмай келеді. Халық көп жиналатын барлық мерекелерге шектеу қойылған. Соған қарамастан жаңа оқу жылы, қатаң карантин талаптарын сақтай отырып, дәстүрлі форматта өтпек.

Екібастұз аумағында жалпы орта білім беру мектептерінің саны 40-ты шамалайды. Биыл екі мыңдай бала бірінші сыныпқа барады екен. Бұл – кеншілер шаһарындағы №36 лицей. 100 жеткіншек осы білім ошағының табалдырығын аттайды. Қазір дәстүрлі оқу форматына дайындық қызған.

Айтуған Арғынов, Екібастұз қаласы №36 мектеп-лицейі директорының м.а.:

- Карантиндік талаптардың барлығын ұстана отырып, балалардың мектепке келуін, қалай кіріп, қалай шығуын олардың қоңырау уақытындағы сабақ кестесін барлығын қадағалап, дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Балалар мектепке кірерде жаңағы температура дейміз ғой, соның барлығын алдын ала өлшейміз. Егер температурасы жоғары балалар болса, дәрігерлерге көрсетіп немесе басқа іс-шараларды қолданамыз.

Павлодардың мектептерінде де осындай көрініс. Санитарлық ережелерге сай әлеуметтік арақашықтық сақталуы тиіс. Ол үшін арнайы белгілер сызылып, парталалардың арасы алшақ қойылған. Ал екпе құжатының болуы жаңа оқу жылындағы ең басты талаптардың бірі. Себебі ұстаздардың арқалаған жүгі ауыр. Олар өзінің ғана емес, оқушылардың денсаулығы үшін жауап береді.

Қуаныш Қыдырәлин, қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары:

- Барлық жұмыстарды жасап жатырмыз. Ол жаңағы дезинфекциялық заттарды, құрылғыларды сатып алу бойынша мектептер 100% қамтамасыз етілді. Сонымен қатар жаңағы ұстаздарды вакцинадан өткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, жаңағы үш жарым мың педагогтың ішінен бүгінгі таңда 97%-і вакцинадан өткен. Сонымен қатар жаңағы барлық мектептер Ashyq жобасына енгізіліп отыр.

Жаңа оқу жылында білім беру мекемелерінен міндетті түрде Ashyq жүйесіне қосылу талап етіледі. Бүгінгі таңда облыс орталығындағы 43 мектептің бәрі бірдей штрих-кодпен қамтылған. Мектепке мұғалімдермен қатар басқа да тұлғалар QR-код арқылы кіреді. Соңғы кезде коронавирус балалар арасында жиі тіркеле бастады. Соған қарамастан оқушыларға мұндай талап қойылмайды. Бірақ қыркүйекке дейін жағдайдың өзгеруі де ғажап емес.

Авторлары: Қ.Қасиетова, С.Рахимбай, Ж.Темірболат