Ақтөбеде мектептердегі қауіпсіздік бақылауда болады

Ақтөбеде мектептердегі қауіпсіздік бақылауда болады

Ақтөбеде мектептердің қауіпсіздігін сақтауда енді полицияның да орны ерекше болмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде бейнебақылау және дабылқаққыш қондырғысымен қамтылған білім ұялары шұғыл басқару орталығы жүйесімен ықпалдастырылып жатыр. Бұл заңсыздықпен күресте жедел әрекет етуге мүмкіндік бермек. Тәртіп сақшылары оқу ордаларында балалардың өмірін қорғауға арналған өзге де шараларды бақылауды қолға алды. Тексеру барысында бірқатар кемшіліктер де анықталып жатыр.

Полиция қызметкерлерінің бірінші боп барған білім ұясы №55 орта мектеп-гимназиясы болды. Қала шетіндегі Заречный ауылында орналасқанымен соңғы жылдары мұнда оқушылар саны мыңнан түспеген. Ал, олардың тәртібі мен қауіпсіздігін бақылау үшін ішінде 28, ал сыртында 14 бейнекамера жұмыс істеп тұр. Оқушылардың жүріс-тұрысын күзетшілерден бөлек басшы да монитордан көріп отырады. Алайда, еңбек кабинетінен өзге оқу кластары бейнебақылау жүйесімен қамтылмаған.

Айболат Елманов, №55 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:

- Қазіргі таңда Мәжіліс залында бар, кітапханада бар және де еңбек кабинетінде бар. Балалардың қауіпсіздік ережелері қатаң сақталған жерлерде. Қаржыландырылса, сыныптарға қоюға біздер жұмыстанамыз, бұйырса.

Камералардың бірнеше аумақты қамтымайтыны №61 орта мектепте де анықталды. Сондай-ақ білім ұясына кіріп-шыққан жан туралы ақпарат беретіндей турникет те болмады. Ал, дабыл қағу нүктесі жуырда ғана орнатылған. Енді жауапты мамандар оны қолдану әдісін меңгермек. Бірақ мектеп әкімшілігі оқушылар қауіпсіздігін сақтауға арналған тиісті талаптардың барлығы алдағы уақытта орындалатынын жеткізді.

Майра Отарбаева, №61 орта мектебінің директоры:

- Қазіргі таңда бізде мектепте 32 камера. Енді алты камераны тағы қосқымыз келіп отыр. Себебі, спортзалға кіретін киіну орындарына қосымша қойғымыз келіп отыр. Оған қосымша осы оқу жылының 1 қыркүйегіне дейін біз турникетті да ұйымдастырғымыз келіп отыр. Оның да қаражаты қарастырылып, яғни, келісімшартқа отырмыз.

Бүгінде облыстағы 400-ден астам мектептің барлығы да бейнекамералармен қамтылған. Арасында полиция департаментінің шұғыл басқару орталығы жүйесіне қосылғандары да жетерлік. Бірақ білім ұясының әр оқу бөлмесінде камераның болуы не болмауы туралы әлі күнге дейін нақты нұсқаулық жоқ екен. Ал, турникет және дабылқағу қондырғысы да көп мектепте орнатылмаған.

Нұржан Мукумов, ювеналды полиция тобының аға инспекторы:

- Қазіргі таңда 50 дабыл нүктесі орнатылған, яғни, қала мектептерінде. Сонымен қатар 65 турникеттер орнатылған. Бейнекамералар түсірілмейтін жерлер анықталды. Енді оның барлығы қаражатқа байланысты. Осы барлық іс-шара жалпы қортындылай келе, білім басқармасына және әкімдікке жазбаша түрде баяндалатын болады кемшіліктерді жою мақсатында.

Полиция қызметкерлерінің мұндай рейдтік жұмысы жыл соңына дейін жүрмек. Себебі, шара алыс аудандарды да қамтиды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов