Атырау мұнай және газ университетінде қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысы өтті

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде былтыр құрылған қамқоршылық кеңесі мен индустриялық комитетінің кезекті отырысы өтті. Жиынға Кеңес мүшелері мен өңірдегі мұнай-газ кәсіпорындарының басшылары, сондай-ақ еліміз бен Ресейдегі жетекші ғылыми-академиялық құрылымдардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар «Мұнай мен газ» ғылыми-техникалық  журналын алдағы уақытта университетпен бірлесіп шығару туралы келісімге қол қойылды.

Келелі кеңеске қатысқан білікті мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, бірлескен ғылыми бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру мақсатында университетке қолдау көрсететіндерін жеткізді. Жиында консорциум құру туралы үш жақты келісімге қол қойылды. Осы арқылы өндірісте экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты ғылыми жобаларға қатысуға мүмкіндік туады.

Серік Айдарбеков, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- Атырау облысында жұмыс жасайтын ірі мұнай компанияларының басшылары қатысып, солармен осы университеттің болашақта даму стратегиясын талқылап, осы университетте оқитын студенттердің білімін арттыру, содан кейін жұмысқа орналасу мәселесі талқыланды. Сол талқыланған мәселелер өте маңызды.

Ермек Марабаев, NCОС компаниясы басқарушы директорының орынбасары:

- Осы университет өз күшімен, министрлік күшімен хаб құрайын деп отыр. Бүкіл Каспий бойынша 11 университетті қостырғысы келіп отыр. Білім бар, оның ішінде тәжірибе бар. Соны естіп біз қуанып отырмыз. 

Халықаралық деңгейдегі мамандарды даярлап шығару Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ең негізгі мақсаты. Осы бағытта атқарылып жатқан ілкімді істер бүгінгі келелі кеңесте айтылды.

Гүлзада Шакуликова, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің басқарма төрағасы-ректоры: 

- Бізге ТШО, НСОС, Ембімұнайгаз бізге көмек көрсетіп жатыр. Оқу программалардың бәрі индустриямен ұштасып жасалуы керек екені бәрімізге айқын. Сондықтан осындай іс-шараның мұғалімдер күнінің қарсаңында өткені біз үшін үлкен мәртебе. Үлкен компаниялардың да бүгінгі таңдағы университеттің стратегиялық мақсаттарын қолдауын көрсетіп отыр.

Бірлескен жобалар нәтижесінде оқу ордасы бәсекеге қабілетті мамандарды даярлап шығармақ. Қазір жергілікті ірі мұнай компанияларымен бірқатар істер атқарылып жатыр. Осы арқылы шетелдік жұмыс күшін жергілікті мамандар алмастырады. 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов