Оралда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жаңа мектеп пайдалануға берілмек

Оралда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жаңа мектеп пайдалануға берілмек
inform.kz

Жаңа мектепті 14 желтоқсанда ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы Батыс Қазақстан обылыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев мәлім еткен.

Оның айтуынша, қазіргі кезде ғимараттың құрылысы 99%-ке аяқталған. Тек ішін жинау, сырлау, линолеум төсеу жұмыстары жүргізілуде.Пандемияға және құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты мектеп құрылысы үш айдай уақытқа кешіккен. «Жыл сайын мектептер құрылысына облысқа 2 млрд теңге бөлінеді. Мысалы, 600 орындық мектепті салу үшін 2,2 млрд теңге керек. Сондықтан облыстағы апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешу үшін жеке инвесторлар да тартылуда. Осы бағытта Оралдағы №31 орта мектеп құрылысын «Қазхол» ЖШС қолға алды. Оны келесі жылдың аяғына дейін салып бітірмек», деді басқарма басшысы.

Бүгінгі күні облыс бойынша 10 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде екеуі республикалық бюджеттен берілетін субвенция есебінен, төртеуі «2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында, екі мектеп жергілікті қазына қаржысына, тағы екеуі жеке инвестиция арқылы бой көтеруде. Бұлардың төртеуі облыс орталығында, алтауы аудандарда орналасқан.