Алматы облысы Сағабүйен ауылының балалары әкімдік ғимаратында білім алуға мәжбүр

Алматы облысы Сағабүйен ауылының балалары әкімдік ғимаратында білім алуға мәжбүр

Алматы облысы Ақсу ауданы Сағабүйен ауылының оқушылары да әкімдік ғимаратында білім алуға мәжбүр. Тұрғындар балаларымыз талапқа сай келмейтін тар ғимаратта оқып жатыр деп шағымдануда. Ауылдағы мектепті жөндеу жұмыстары неге кешеуілдеп жатыр? 

- Қиналам дейді. Мектепте ауа жоқ дейді. 

Баласының жайын айтып жүрген Сағабүйен ауылының тұрғыны Берік Құсайынов. Ол балаларды көрші ауылға тасымалдап оқыту керек дейді. Өйткені оның мектеп оқушыларына жасалған жағдайға көңілі толмайды.

Берік Құсайынов, ауыл тұрғыны:

- Кіргізбейді. Вообще жолатпайды.

- Неге жолатпайды?

- Жоқ, тойларға рұқсат берді. Бізге неге жолатпайды?

- Бөгде адамдарды кіргізбейді. 

-  Бөгде емес. Мен осы ауылдың ата-анасымын.

Айгүл Нұрбаева, ауыл тұрғыны:

- Мына жерде балалар оқып жатыр да, іші тар. Былай суық деп айта алмаймын, жылы. Мұғалімдерге неғылмаймын. Бірақ аула тар боп тұр.

Ата-аналардың тар деп отырғаны ауылдық әкімдік ғимараты. Мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүгізілетіндіктен оқушылар осы мекемеге көшірілген. Онда балалардың білім алуына толыққанды мүмкіндік бар әрі санитарлық талаптар сақталған.

Гүлжан Оспанқызы, Т.Тоқтаров атындағы орта мектеп директоры:

- Уақытша қиыншылыққа кішкене ғана шыдауымыз керек. Сосын күрделі жөндеудің бітуі мамыр айы. Сол кезде біз өзіміздің жарық, жаңа жабдықтармен жаңа технологиямен жабдықталған жаңа мектебімізге қайтып ораламыз.

Аудандық білім бөлімінің басшысы 162 баланы көрші ауылға тасымай Сағабүйенде оқыту мәселесі ауыл тұрғындарымен өткен жиында шешілген дейді. Осы мақсатқа 11 млн теңге қарастырылып, әкімдіктің терезелері ауыстырылыпты. Мекеме ішіне дәретхана да салынған. Содан кейін ғана ескі мектепте құрылыс жұмыстары басталғанын айтты.

Рамазан Бегімбек, Ақсу аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Күрделі жөндеу жұмыстарының проект-сметалық құжаттары наурыз айында аяқталған болатын. Сәуір айында экспертизадан толығымен өткеннен кейін облыстық мәслихатында қаражат бөлініп, маусым, шілде айларында конкурс өткіздік. Конкурстық процедуралар аяқталған соң жеңімпаз анықталып, тамыз айында басталды жұмыс.

Мамандардың пікірінше, бүгінгі күнге дейін күрделі жөндеу жұмыстарының 40 проценті біткен. Құрылыс бекітілген мерзімде аяқталса, оқушылар жаңа оқу жылын жаңартылған мектепте бастайтын болады. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев