Креативті индустрияны дамыту үшін кадр дайындау маңызды – Қырымбек Көшербаев

Креативті индустрияны дамыту үшін кадр дайындау маңызды – Қырымбек Көшербаев
inform.kz

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев «Креативті индустрияны дамытудың келешегі» тақырыбында жастармен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың креативті индустрияны дамыту мақсатында берген тапсырмасына сәйкес атқарылған жұмыстарға тоқталды. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл бағытта алғашқы жұмыстар басталды. Үкімет креативті индустрияны дамыту бойынша жобалық кеңсе құрды. Қараша айында «2021-2025 жылдарға арналған креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасы» қабылданды. Соған сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында бизнес-инкубаторлар, орталықтар мен хабтар құру қарастырылған. Алматы қаласында құрылатын бизнес-инкубаторға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті негіз болуы керек деп есептеймін. Оған толық мүмкіндіктер бар. Жалпы кез келген қоғамда креативті идеяларды тудыратын орта ол-жоғары оқу орындары мен ондағы энтузиаст жас ғалымдар. Бұл тұрғыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақтың интелектуалды тарихында бұрыннан көшбасшы»,– деді Мемлекеттік хатшы. Сонымен қатар өз сөзінде Қырымбек Көшербаев креативті индустрияны дамыту үшін бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау қажеттігін жеткізді.

«Креативті индустрияны дамыту үшін кадр дайындау маңызды. Мәселен, Батыс елдерінде ақын-жазушылардың кітаптарын жарнамалап, сату ісімен әдеби агенттер айналысады. Сол секілді біздің де қаламгерлердің туындыларын шет тілдеріне аударып, нарыққа шығарумен айналысатын білікті мамандарды даярлау қажет»,- деді Қырымбек Көшербаев. Бұдан бөлек цифрлы жаңа технологияның қарқынды дамуы да жаңа мамандықтардың, курстардың ашылуын міндеттеп отығанын айтты.

Кездесу аясында мемлекеттік хатшы Қырымбек Елеуұлы бастаған делегация әл-Фараби кітапханасындағы университет ғалымдарының еңбектері қойылған ғылыми жетістіктер көрмесімен танысты.