596 ғылыми жоба жасаған оқушылар Шымкентте бас қосты

Шымкентте республикалық ғылыми жобалар конкурсы өтіп жатыр. Мұнда 800-ге жуық оқушы 16 бағыт бойынша ғылыми жобасын қорғайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Озат оқушылар 596 ғылыми жоба ұсынды. Өз өңірінің үздігі қатарындағы жас дарындылардың бірі – Айбала Омар. Ол Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 10 сынып оқушысы. Республикалық конкурсқа шыны қалдықтарын кәдеге жаратып, экологиялық ахуалды жақсартуға болатынын делелдеуге келіпті. Қалада қаптаған қоқысты қайта жаратып, өңдеуге болады, – дейді.

Айбала Омар, Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының оқушысы:

– Қазіргі кезде қоқыстар көп. Алайда оны өндіруге біздің Қазақстанның зауыттары аз. Сонымен қатар шынымен жұмыс жасау қиын. Себебі шынының ыдырау мерзімі мың жылдан асады.

Ал Түркістан облысының Кентау қаласынан келген Сержан электр энергиясын үнемдеп, экономикалық тиімділікті арттырудың жолын іздеп жүр. Яғни түбегейлі энергия үнемдеуші лампаларға көшу арқылы еліміз айына 3 миллиард теңге үнемдей алады. Бірақ ол қаржыны әлеуеті әлжуаз топқа қолғабыс жасауға бағыттау керектігін айтады.

Сержан Бауыржанұлы, Кентау қалалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы:

– Мысалы Қазақстанда 4 миллион отбасы бар десек, әрбір үйде 4 адамнан. 30 күн бойы лампалар жанып тұр. 6 сағаттан күніне. Сол кезде бізде 405 миллион кв/сағат электр энергиясы үнемделеді. Егерде Вольф қысымды лампалардан света диодтты лампаларға көшсек. Мұны қаржыға айналдырсақ, 3 миллиард теңге.

Бәсі биік байқау жастардың жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығын арттырады. Жоғары сынып оқушыларын ғылым мен техниканың әр түрлі салаларына бағыттауға көмектеседі. Дәстүрлі байқау бұл жолы алғаш рет халықаралық стандартқа сай көрме түрінде ұйымдастырылды.

Шолпан Қаринова, ҚР білім және ғылым бірінші вице-министрі:

– Бұл зерттеудің оқушыға беретіні әрбір оқушы өз зерттеуінің құндылығын көретін болады. Оның жақсы нәтижелері қай жағынан болды. Жетіспеушілік тұстары болса, оны да осы конкурстық комиссияның мүшелері, ғалымдар оқушыларға ашып көрсетіп беретін болады. Бұның өзі оқушылардың жұмысын әрі қарай жалғастыруына, зерттеуіне тың серпіліс береді.

Еліміздің бірқатар саласы техникалық мамандарға зәру. Сондықтан үздік оқушылардың қарым-қабілетін жергілікті оқу ордасының профессорлары мен ғылым докторлары да бағамдайды.

Мұрат Әйтөре, техника ғылымдарының кандидаты:

– Оқушыларымыздың деңгейін арттырды. Екіншіден, ғылымға деген үлкен үлес қосылады. Әрі қарай бұлар ЖОО бару кезінде оны дамытып, болашақта осы салаға, сол өндіріске үлкен әсер етеді деп ойлаймын.

Оқушыларға Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жанындағы ғылыми-зерттеу орталығына кіруге мүмкіндік берілді. Байқаудың өтуіне қолдау көрсеткен іргелі білім ордасы ғылым саласына бет бұрған үздіктерге 16 грант бөлді. Осы арқылы кейбір жобаны патенттеп, әрі қарай дамыту жоспарда бар.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов