Ақмола облысындағы балалар шығармашылығы үйлерінің ғимараты ескірген

Ақмола облысындағы балалар шығармашылығы үйлерінің ғимараттары ескірген. Олардың біразы жарты ғасыр бұрын салынған. Ал бұл әлбетте қиындықтар тудырады. Оқушылар тар әрі көне ғимаратта тәлім алуға мәжбүр. Аталған орталықтар қашан жаңартылады?

Сандықтау ауданындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық орталығының ғимараты өткен ғасырдың 70-жылдары бой көтерген. Оның сырт келбеті кәдімгі жер үй. Бірақ мұндағы аядай ғана үш бөлмеде 100-ден астам бала тәлім алып келеді. Олар бірнеше топқа бөлініп, ән, би, сурет салу бағыттары бойынша қосымша білім меңгереді. Бірақ бір таңқаларлығы, мұндағы ұстаздар нысанның ескі болғанына қарамастан шабытпен еңбек етіп жүр. 

Лариса Еремина, Балкашино ауылдық балалар мен жасөспірімдер орталығының жетекшісі:

- Ғимаратымыздың кең болғанын қалаймыз әрине. Мысалы, кейде суретшілеріміздің тақтасын қоятын жер болмай қалады. Бірақ біз налымаймыз және мойымаймыз. Тығырықтан шығар жол тауып жүрміз. Мәселен, керек болғанда аудандық мәдениет үйінің ғимаратын пайдаланамыз. 

Жетекшінің сөзінше, олардың орталығына балалар арасында сұраныс жоғары. Себебі тозған нысанда тәлім алғанына қарамастан, шәкірттерінің жетістіктері жетерлік. Оқушылар талай байқауларда топ жарып келеді. Ал жергілікті билік өкілдері болса, өнерлі өрендерді жақында қуантамыз, деп отыр. 

Лилия Лемешевская, Балкашино ауылының әкімі:

- Шығармашылық үйі бізде расында, қиын жағдайда. Сондықтан биыл құрылыс бөліміне бюджеттен 125 млн теңге қаржы бөлінді. Бұйыртса, жаңа ғимараттың құрылысы биыл басталады. Заманауи нысанды жазда толық салынып бітеді деп ойлаймыз. 

Осындай орталықтарға жауапты облыстық білім басқармасы да мәселеден хабардар. Айтуларынша, бүгінде аймақтағы 51 шығармашылық үйінің жартысына жуығы жөндеуді талап етеді. Алайда олардың бәрін бірден жаңарту мүмкін емес. 

Ботагөз Дүйсенова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Бірінші кезекте ол, мектептер және балабақшаларға бірінші кезекте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, талап етілген білім ұйымдарына. Енді қосымша білім беру ұйымдарын да ұмытпауымыз керек. Дегенмен, оның барлығын 2025 жылға дейін барлығы жөнделіп, қалыпқа келтіріледі деп айта алмаймын. Себебі оларда бірінші, аудандардан өтініш болу керек, білім басқармасына келіп түскен. Және олардың сметасы дайын болу керек. Сонда ғана біз бюджеттен ақша сұрай аламыз. 

Білім басқармасының өкілі аталған нысандар олардың құзырына былтыр ғана берілгенін айтады. Ал оған дейін шығармашылық үйлері аудандық әкімдіктердің қарамағында болып келген екен. Дегенмен, қосымша білімге мән берілмей жатқан жоқ, дейді. Мәселен, биыл ақылы үйірмелерді ата-аналар үшін тегін қылу мақсатында жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті. Осы арқылы 4 мыңға жуық бала қамтылмақ.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный